Бүгін – қазақстандық интернеттің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – қазақстандық интернеттің туған күні

19.09.2014
Бүгін – қазақстандық интернеттің туған күні

1994 жылдың 19 қыркүйегінде KZ домені Халықаралық ақпараттық-желілік орталықта тіркелген. Бұл күн – Қазнеттің негізі қаланған күн.

Дегенмен, Интернет желісі республикаға алғаш рет 1991 жылы жетті. Сол кезде  қазақстандықтар электрондық поштамен қарым-қатынас жасай бастады.

.kz – Қазақстанға арналған жоғары дәрежелі ұлттық домен. Оған сәйкес сегмент жүйесін «Қазнет» деп атайды.

1997 жылы қазақстандық сайт «Business Website of 1997» халықаралық конкурсында бірінші халықаралық марапатты иеленді.

1996 жылдың 24 желтоқсанынан бері Александр Е. Ляхов «Lyakhov.KZ — Большая энциклопедия Казнета» ақпаратты-ағартушы порталының негізін салды. Ал, 1997 жылы Александр Ляхов «Весь WWW Казахстан» қазақстандық веб-ресурстар каталогының жобасын іске қосты.

1998 жылы Интернеттің қазақстандық бөлігінде алғашқы виртуаль дүкені мен Guide Park тауарлар каталогы пайда болды. Осы жылдың маусым айында Интернетте қазақ тілінде алғашқы сайт іске қосылды. Ол – Физика-техникалық институтының сайты еді.  

1998 жылдың қыркүйек айынан бері Қазақстанда Интернет арқылы тұрақты радиохабар жүзеге асырылады. Алматы қалалық радиохабар түйінін Алматытелеком  МОТ сервері арқылы «RealAudio» технологиясын қолдана отырып таратады.

1998 жылдың қазан айынан бастап, тұңғыш рет «Қазнетте» университет ресурстарына - «ҚазМУ электронды каталогы» қол жеткізуге мүмкіндік беретін онлайн жүйесі іске қосылды. Аталған жүйе қазір lib.kazsu.kz сайтында қолданылады.

Қазір еліміз бойынша, 110 мыңнан астам домендік есім тіркелген.

Қазақ интернетінің дамуы туралы Әлия Сембайдың ғылыми зерттеулерінен оқуға болады.

Хабарламаларға жазылу