Ғаламторды бақылау азаматтар құқығын қорғайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғаламторды бақылау азаматтар құқығын қорғайды

12.07.2023

Қазір әлеуметтік желінің дәуірі жүріп тұр. Виртуалды әлемнің көкжиегі күннен күнге кеңейіп келеді. «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң осы ортаны қауіпсіз әрі ашық түрде дамытуды көздейді. Жалған ақпаратпен күрес тетіктері қарастырылған. Ғаламтордың кереғар тұстарын бақылайтын заңды өркениетті елдер ертерек қабылдап қойған дейді мамандар. Еуроодақ елдерінде онлайн-платформаларға азаматтың ұлты, нәсілі, саяси көзқарасына қатысты ақпаратты өзінің жарнамасы үшін пайдалануға тыйым салынған. Жеке тұлғалар немесе әйгілі жұлдыздар әлеуметтік желіде тауар мен қызмет туралы ақпарат берсе салық төлейді. Біздегі заңда бұл қарастырылған. Еуропада кәмелеттік жасқа толмағандарды алдап, арбау арқылы оның жеке ақпаратына қол жеткізетін сервистер мен компаниялар ғаламдық ақшалай түсімінің 6 пайыз мөлшеріне дейін айыппұл төлейді.

Нэль Брудаертс, киберқылмыспен күрес жөніндегі орталықтың сарапшысы:

Жастардың жыныстық қатынас сипатындағы бопсалауға ұшырауы жиілегеннен кейін, қарт құрлық интернетті қалай қауіпсіз пайдалануға болады деп бас қатырды. Бірнеше заң қабылдады. Франция әлеуметтік желі мен сайттардан лаңкестікке қатысы бар контентті 1 сағаттың ішінде жоюды талап ететін құжатты бекітті. Германияда ұрыс-керіс, жанжал тудыратын ақпарат жариялағандардың IP-адрестерін компаниялар билік органдарына беруге міндетті. Сондықтан, жаңа заң сіздерің елдеріңіздегі интернет нарығын реттеуге, қадағалауға, азаматтардың құқықтарын қорғауға септігін тигізеді деген сенімдемін.

Әлеуметтік желілердің қызметін бақылау үшін алдымен онлайн-платформалардың басшылығымен тығыз қарым-қатынас орнату қажет. Бұл – халықаралық тәжірибе. 2018 жылы Германия «Желіні қолдану құқығы туралы» заңды қабылдады. 2 млн-нан астам оқырманы бар медиа-платформа жалған, қоғамға зиян келтіретін ақпаратты өшіруге міндетті. 2022 жылы Еуродақ елдері «Цифрлық қызметтер туралы» заңға қатысты ортақ келісімге келді. Құжатта әлеуметтік желіге қатысты азаматтардың шағымы мен өтінішін қарау тетіктері пысықталған. Ұлыбританияда «Интернеттегі қауіпсіздік туралы» заң жобасы қауымдар палатасында тыңдаудан өтті. «Зиянды ақпарат» деген түсінік пайда болды. Бұл санатқа жататын ақпаратты әлеуметтік желінің иесі бірден өшіруге міндетті. Онлайн-орта күнделікті күйбең тіршілігімізбен біте қайнасып жатыр. Пайдасымен қатар зияны да бар. Түрлі мессенджерлерде балаларды қорқытып, зорлық көрсету жиіледі. Өз тілімен айтсақ, кибербуллинг көбейді. Сарапшылар жалған ақпарат, өшпенділік, әдепсіздік қоғам дамуына балта шабады дейді. Осылармен күресте мемлекеттік реттеу аса қажет. Сондықтан, елімізде тиісті заң қабылданды.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Мұндай заңнаманың қабылдануы қазіргі таңда өскелең ұрпақтың ақпарат аясында дұрыс мәлімет алу, және теріс ағымдарға кетіп қалмауы немесе буллингке ұшырамауы үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған дұрыс әрекеттер.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі онлайн-платформалармен әріптестік орнату жұмыстарын ширатып келеді. «ВКонтакте», «Одноклассники», «Mail.ru», «Livejournal», «Facebook», «Instagram», «Tik tok», «Telegram» мессенджері өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Олар халықаралық құқық талаптары мен Қазақстан заңдарын бұзатын контенттерді өшіру бойынша ұсыныстарды қолдап отыр. Мысалы, «TikTok» басшылығымен 13 жасқа дейінгі балаларға арналған ақпаратты бақылау тетіктері қарастырылып жатыр. Біздегі заңның тағы бір ұтымды тұсы – онлайн-платформаларды қазақ тілінде сөйлету. Қазір көптеген интерфейстерде ана тіліміз жоқ. Дегенмен, жылдан жылға қазақ тіліндегі контент көлемі артып келеді. Ана тіліміздегі заманауаи цифрлық технологияларды дамытуға қызығушылық танытып отырған пайдаланушылар да бар.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу