Зауыт қарқыны қарымды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зауыт қарқыны қарымды

05.07.2014
Зауыт қарқыны қарымды

Маңғыстау облысының Шетпе кентінде ашылған «Каспий Цемент» зауытының аяқ алысы жаман емес. Жылына 1 миллион тонна өнім шығаруға қауқарлы өндіріс ошағы Батыс өңіріндегі ең ірі кәсіпорын. Мамандар «бор қосылған цементтің әлемде теңдесі жоқ», деп отыр.

Бұл - ғасырға жуық тарихы бар Шетпеде бой көтерген ең алғашқы ірі өндіріс орны. Зауыт құрылысына неміс инвесторлары 200 миллион еуро құйды. Мұнда тәулігіне 3 мың тоннадан астам цемент шығарылады. Өнім енді өңірдегі құрылысқа қарқын береді. Зауыттың бой көтеруі жергілікті халық үшін де маңызды. 400 адам жұмыс көзін тапты. Оның ішінде 155-і жас маман. Жұмысшылар Германия технологиясы бойынша арнайы оқыған.

Данияр Ысқақов, «Каспий цемент» зауытының жұмысшысы:

Мемлекет басшысы қолға алған «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» бағдарламасы жастардың болашағына жасалған зор мүмкіндік. Маған оқып, үйренуім үшін жағдай жасалды. Білікті шетел мамандарынан халықаралық деңгейде дәріс алдық.

«Каспий Цемент» - жан-жақты пысықталған жоба. Өнім тасымалдау үшін темір жол торабы жаңартылды. Негізгі шикізат көзі - бор. Ол Оңтүстік Шетпе және Аусар кен орындарынан тасымалданады. Бор қосылған цемент әлемде жоқ. Шетпеден шығарылған өнім сонысымен де сапалы. Өнім шығару үрдісі қоршаған ортаға залалсыз. Зауытта шаң-тозаңды сүзіп алатын арнайы қондырғылар орнатылған.

Роман Кемпе, Өндіріс компаниясының Орта Азия бойынша бас менеджері:

Қазақстанмен 2005 жылдан бері серіктеспіз. Бұл тегін емес. Себебі, сіздердің елдеріңіз жас болса да, өте қарқынды дамып жатқан мемлекет. Біз экспорттан бұрын, ішкі сұранысты сапалы өніммен қамту жолында жұмыс істейміз.

Цемент энергия көзін үнемдейтін соны технология бойынша өндіріледі. Сапалы өнім еліміздің Батыс аймағын толықтай қамтып, Ресей мен Әзірбайжанға экспортталады.

Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу