Жаңадан салынатын жайлы мектептерде сапалы интернет және білікті мұғалімдер болуы керек. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында айтты. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін жаңа форматтағы 369 білім ордасы бой көтереді. Ол оқушы саны тым көп сыныптар, апаттық мектептер және үш ауысымда оқыту мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік бермек. Үкімет басшысы ұлттық жобаны іске асыру аясында мердігерлік ұйымдар мен жер учаскелерін анықтау, сондай-ақ қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау жөніндегі жұмыстарды жеделдету қажеттігін атап өтті. Оқу-ағарту министрлігіне атқарылып жатқан жұмыс туралы Үкіметке ай сайын хабарлап отыру тапсырылды. Сондай-ақ, жиында биыл 130 мың балаға арналған 146 мектеп ашу жайы да сөз болды. Оның 62-сі жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен салынбақ.
Асылбек Данияр