Шетелдегі этникалық қазақ балалары Ақмола облысында бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдегі этникалық қазақ балалары Ақмола облысында бас қосты

04.07.2023

Шетелде тұратын этникалық қазақ балалары жыл сайынғы дәстүр бойынша биыл да Ақмола облысында бас қосты. АҚШ, Иран, Қытай, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей елдерінен келген 200-ге жуық жеткіншек тарихи отанына алғаш рет табан тіреп отыр. Олар үшін арнайы «Жас қазақ» жазғы лагері жұмысын бастады. Жобаның басты мақсаты-шетел асқан қазақ балаларының болашақта тарихи отанына көшіп келуіне септігін тигізу.

Ираннан келген Пуя Павиз қазақ халқының салт-дәстүрімен де, мәдениетімен де етене таныс. Ата-бабасы ширек ғасыр бұрын шетел асып кетсе де, кейінгі ұрпақтың бойына туған жерге деген махаббатпен сүйісіпеншілікті сіңіріп өсірген. Сондықтан да, жеткіншек бала кезінен тарихи отанына табан тіреуді армандаған.

Пуя Павиз оқушы (Иран):

Біз қазақтың салт-дәстүрін, қазақ тілін сақтауға тырысамыз. Өйткені, ата-бабаларымыз оны бізге аманат қылып қалдырған.

Ал Қытай елінен келген Айбол Алпысбай мектепті тәмәмдаған соң, отандық жоғары оқу орнында білім алғысы келеді. Болашақта Қазақстанда еңбек етіп, оның көркеюіне өз үлесімді қосамын,-дейді ол.

Айбол Алпысбай оқушы (Қытай):

Өте қуаныштымын. Нешеме елден келген балалармен бірге отырып, осындай жерде бір жағынан ағылшын тілін, орыс тілімді үйренетіндей бір орай болды. Халықаралық қатынас мамандығын таңдап, өзіміздің қазақ елімізге біраз енді күш саламын ба деп ойлаймын өзім.

Жазғы лагерьде балалар екі апта бойы атқа міну, садақ ату ату, асық ойнау, киіз үй тігу сынды қазақ халқының мәдени құндылықтарымен етене танысып, мобилография мен кәсіпкерлікті үйрететін білім курстарына қатысады.

Олжас Беркінбаев «Отандастар» қорының вице-президенті:

Ұлттық мәдениетімізді, төл тарихымызды және заманауи трендтерді үйрететін бұл алаң. Екі аптаның ішінде оқушылар не үйренеді? Біріншіден, бір-бірімен олар өзара коммуникациялық байланыс орнатады. 10 елден келгендер болашақта бір-бірін біліп отыратын болады.

Ұйымдастырушылар мұнда келуге ниет білдірген мыңдаған жеткіншек арасында қатаң іріктеу жүргізілгенін айтады. Нәтижесінде үздік деп танылғандар ғана жазғы лагерьге жолдама алған.


Ұмсындық Наурызбаева 

Хабарламаларға жазылу