«Елорда кубогының» нәтижесінде кейбір салмақтағы боксшылар Азия ойындарына іріктеледі. Бұл туралы бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов айтты. Қазір спортшылар Жапония және Қытайдан келген боксшылармен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ал, жарыс 26-ншы маусымда басталып, 2 шілдеде аяқталады. Оған көршілес елдердің спортшылары қатыспақ. Былғары қолғап шеберлері 13 салмақ бойынша ел намысын қорғайды. Байрақты бәсекеге әлем чемпиондары: Санжар Тәшкенбай, Нұрбек Оралбай, Асланбек Шымбергенов қатыспайды. Жарақтарын емдетіп жатыр, дейді бас бапкер. Ал, Азия ойындарына кімдер баратынын қыркүйек айында жариялайтынын жеткізді.
Мырзағали Айтжанов, Бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері:
Бірінші нөмірлі, әлем чемпионатында жұдырықтасқан, медаль алған жігіттердің де салмақтарында өкшесін басып келе жатқан жақсы боксшыларымыз бар. Енді барлығын уақыт көрсетеді. Өзінің жақсы бабында болған жігіттер Азия ойындарына барады.
Астанадағы жарысқа Сәкен Бибосынов та қатысады. Жуырда ғана жарақатынан айығып, рингке оралған былғары қолғап шебері қаншалықты бабымда екенін тексеріп көремін, дейді.
Сәкен Бибосынов, боксшы:
Бұғанамды сындырып алған болатынмын, ол жерге темір қойған. Дегенмен, қазір жазылып келе жатыр. Жарыстарда еш кедергісін тигізбейді деп ойлаймын. Күзде Азия ойындары болады, Олимпиадаға лицензия таратылатын болады, алдағы жоспарлар сондай.
Асылбек Данияр