Шымкентте сапасыз үй салған мердігерлерге 84 млн теңге айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте сапасыз үй салған мердігерлерге 84 млн теңге айыппұл салынды

15.06.2023

Шымкентте сапасыз үй салған мердігерлерге 84 млн теңге айыппұл салынды. Бүгін бұл жөнінде Астанада журналистерге арналған брифингте осы өңірдің басшысы Мұрат Әйтенов айтты. Қала әкімінің сөзінше, шенеуніктер тек айыппұл салумен шектеліп жатқан жоқ. Ісіне салғырт, жауапсыз қарайтын мердігерлерді құрылыс саласының маңына жолатпау үшін қара тізімге тығып жатыр екен. Бұл Шымкенттегі Тұран шағын ауданына жаңадан салынған үйлер. Үлескерлер тарапынан оның сапасына қатысты бір емес, бірнеше рет шағым түскен. Ал бұл үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған. 9 қабатты тұрғын үйдің әрқайсысына 900 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген.

 Ұлдана Шалқар, Шымкент қаласының тұрғыны:

Баспалдағының өзі қисық, калонкалардың өзі қисық. Тұс қағаздарды жамап жамап қойған. Мен бұл үйді алғым келмейді.

Бүгін тура осы үйдің мәселесін Шымкент қаласының әкімі Астанада журналистерге арналған брифингте көтерді. Әкім дәл осы Тұран шағын ауданындағы үйлерге қатысты мыңнан аса шағым түскенін жеткізді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

Тұран деген шағын ауданымыз бар. Сол жерге көп үй 81 үй салынған.Арнайы комиссия құрды. Тұрғындардан шағымдарды жинап алғанбыз. Сонда 1200 ден аса шағым шықты. Сол шағымдардың бәрін түзеуге сол мердігерлермен ай сайын кездесіп отырамыз. 34/36 мың екі жүзден аса кемшілік таптық. Біз арнайы комиссия құрып, соның 84 млн теңге айыппұл салып, 3 құрылыс компаниясын қара тізім дейді. Енді олар болашақта құрылыс салмайды.

Шымкентте тұрғын үйді дұрыс салмай, қара тізімге енген «Гео Нұр», «ПМК-7К» және «Build Stroy» мердігер компаниялары. Оның екеуі жоғарыда аталған Тұран шағын ауданында тұрғын үйді дұрыс салмай, енді құрылыс жүргізу құқығынан айырылды.Шымкенттен Астанаға арнайы келіп, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуын таныстырған әкім өңірде соңғы төрт жылда инвестицияның 4 есеге өскенін жеткізді. Мәселен, 2019 жылы 195 млрд теңгеге инвестиция тартылса, 2020 жылы ол көрсеткіш 279, 21 жылы 400-ге, ал биыл 720 млрд теңгеге жеткен. Нәтижесінде, соңғы бес айдың ішінде 13 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек, Шымкентте ауыз су, жарық мәселесі 98 пайызға, халықты табиғи газбен қамту 94 пайызға жеткен. Сондай-ақ биыл Шымкентте 18 мектеп пайдалануға беріліп, үш ауысымды білім ордаларының мәселесі 100 пайызға шешіледі деп жоспарланған.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу