Мемлекет басшысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті. Кездесу барысында елімізде энергетика, көлік-транзиттік тасымал, «жасыл» экономика, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларындағы бірқатар инвестициялық жобаны іске асыру перспективалары талқыланды. Кездесуде олар Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы қызметінің алдағы ынтымақтастығы жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ Президент Eni S.p.A. компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальциді қабылдады. Кездесу барысында компанияның Қазақстандағы қызметіне қатысты мәселелер, сондай-ақ Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы маңызды мұнай-газ жобаларын іске асыру жоспары қарастырылды. Атап айтқанда, Қарашығанақта қуаты 4 миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытын салу перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масатсугу Асакавамен де кездесті. Мемлекет басшысы келесі жылы Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы ынтымақтастықтың 30 жылдығы атап өтілетініне тоқталып, еліміздің экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін банк басшылығына алғыс айтты.
Самал Қабышева