Астана халықаралық форумына 300-ден астам әлемге танымал спикер қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана халықаралық форумына 300-ден астам әлемге танымал спикер қатысады

06.06.2023

Астана халықаралық форумына 300-ден астам әлемге танымал спикер қатысады. Шетелдік қонақтардың қатарында мемлекет басшылары мен алпауыт компаниялардың жетекшілері бар. Ауқымды шараның басталуына 2 күн қалды. Халықаралық алаңда қандай мәселе талқыланбақ? Қазақстанның жиынға дайындығы қандай?

Астана халықаралық форумы – пандемиядан кейін елімізде өткелі тұрған ең ауқымды шара. ЭКСПО қалашығында ұйымдастырылған жиынға қазір қызу дайындық жүріп жатыр. 2 күндік бағдарлама үшін арнайы құрылған 7 залдың әзірлігін жауаптылар бірнеше рет тексереді. Пікірталас алаңындағы жарық, микрофонның анық естілуі мен тақтайшадағы жазудың дұрыстығы да назардан тыс қалмады.

Дәулет Еркімбаев, «QazExpoCongress» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

Соңғы жұмыстарды аяқтадық десек те болады. Жалпы форумға дайындықты қаңтар айынан бастағанбыз. Яғни, шараның мазмұнын, өту барысын, қонақтарды шақыру, олардың келіп-кетуін ұйымдастыру секілді жұмыстарға осынша уақыт кетті.

Айя Мүтәлі, тілші:

Екі күннен кейін басталатын форумның негізгі бөлімі осы 1200 адамға арналған залда өтеді. Дәл осы орындықтарға шетелден келген мәртебелі меймандар жайғасады.

Халықаралық шараға Қатар мемлекетінің Әмірі, Қырғызстан президенті, Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы, ЮНЕСКО-ның бас директоры, Халықаралық валюта қорының басшысы және басқа да әлемге танымал ғалымдар мен сарапшылар қатысады. КСМ: Халықаралық алаңда жаһан жұртын алаңдатқан 4 негізі мәселе талқыланбақ. Азық-түлік қауіпсіздігі, су тапшылығы, энергетика мен экологиялық проблемалардың шешу жолы, инвестиция тарту мәселелері қозғалады.

Ержан Әбiш, ҚР ҰЭМ Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментiнiң директоры:

Бұл форум бірінші рет болғаннан кейін біздің болашаққа үмітіміз зор. Өйткені, бұл форум арқылы көптеген дүрбелең мәселелер бар, халықаралық мәселелерді сол жерде көтеріп, сол жерде шешімін табуға диалог, яғни платформа болып табылады.

Астанада өтетін форумның басты қолдаушылары - Біріккен ұлттар ұйымы мен СNN теларнасы. Бірқатар шетелдік БАҚ өкілдері де қатысуға ниет білдірген. Жалпы алғанда 1000-нан астам адам шараға қатысады деп жоспарланып отыр. Тіркеу әлі де жалғасады.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу