Есілдің сол жағалауындағы тұрғындардың тыныш өмірін жарылыс бұзды. «Кристал» кешені аумағынан көтерілген қою түтіннің соңы алапат өртке ұласты. Нәтижесінде үш азамат ауруханаға түсіп, тұрғындардың мүлкіне зақым келген. Тұрғындар алдымен будақтап жатқан қою түтінді байқаған. Іле шала көлік тұрағына жүгіргенімен есіктен жүздерін қызыл жалын шарпиды. Өрттің тез тарағаны сонша құтқарушылар келгенше алты көлік жанып, тағы біразына зақым келіп үлгерген.
Мөлдір Алтынбай, қала тұрғыны:
Қаншама машина өртеніп кетті ана жерде. Бәрі жаңа, қымбат көліктер. Не істерімізді білмейміз. Кім, қалай көмектеседі? Үйлерді алып кетпегеніне Құдайға шүкір. Енді ғана бітіп жатыр, міне. Әлі де болып жатыр, міне. Қазір сағат алты.
Құтқарушылардың айтуынша 17 адам эвакуацияланып, иіс тиген 3 адам ауруханаға жеткізілді. Қаза тапқандар жоқ.
Мадияр Мұратов 3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімІ бастығының орынбасары:
Бүкіл адамдар тұрғын үйден құтқарылды. Өрт шамамен бір сағат уақытында толығымен оқшауланды. Бір-бір жарым сағатта толығымен жойылды. 8 негізгі өрт сөндіру автомибилі және арнайы 3 өрт сөндіру автомобилі жұмылдырылды. Жауынгер шамамен 30-40 адам.
Қызыл жалын 70 шаршы метрге жайылған. Қазір өрттің неден шыққаны анықталып жатыр.
Серік Селеубайұлы