Қызылордада аумақтық қорғаныс бригадасының «Тойтарыс-2023» арнайы әскери тактикалық жаттығуы өтті. Он күндік дайындық барысында офицерлердің қарулы қақтығыс кезіндегі шұғыл әрекеті мен іс-қимылы пысықталды. Далалық жиынға еліміздің Қарулы күштерінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев қатысып, жеке құрамның әзірлігін бағамдады. Әскерилер күзеткен стратегиялық нысанға күтпеген жерден қарулы топ шабуыл жасады. Диверсанттар қорғаныс бекеттерін атқылап, бұзып-жарып өтпек болды. Бірақ, жеке құрам шұғыл әрекетке көшіп, жаудың бетін қайтаруда ашық шайқасқа түсті. Тұтқиылдан шабуылдағандар шегініп, жақын маңдағы ғимаратқа тығылды. Осы сәтте «Арлан» арнайы жасағы жұмылдырылып, қарулы диверсанттарды көп ұзамай қолға түсірді. Әскери тактикалық жаттығу барысында жеке құрам кез келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге әзір екендіктерін көрсетті.
Мереке Көшекбаев, ҚР ҚК «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы:
Офицерлерді жинап, біріншіден әскери білім беріп, екіншіден әскери тәжірибелерін көтеру мақсат болды. Оның бәрі біріншіден еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін керек.
Арнайы тактикалық оқу жаттығуға облыс аумағынан 100-ге жуық запастағы офицер шақырылған. Олар он күн ішінде түрлі дайындықтан өтіп, әскери біліктіліктерін шыңдады. Ерекше көзге түскендерді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Мереке Көшекбаев арнайы марапаттады.
Сейітқасым Жұмахметов, аумақтық қорғаныс бригадасының офицері:
Бұл оқу-жаттығу жиынында көптеген әскери салада іс-тәжірибемізді жетілдіріп жатырмыз. Білікті офицерлердің арқасында көп нәрседен тәжірибе алмастық. Тактикалық тапсырманы өте жоғары деңгейде орындап шықтық.
Сынақтан өткен бір топ запастағы офицер алдағы уақытта еліміздің Қарулы күштерінде әскери қызмет етуге шешім қабылдады.
Әділбек Серікұлы