Жетісу облысында жағаны бекіту жұмыстары тоқтап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында жағаны бекіту жұмыстары тоқтап қалды

01.06.2023

Бүгіннен бастап Алакөлге дейін қатынайтын пойыз жолға шықты. 342 орынға лайықталған 15 вагон туристер үшін өте қолайлы дейді мамандар. Пойыз күнара жүреді. Қазір Алакөлде шомылу маусымына дайындық қыза түскен. Демалушылар үшін жағдай жасалғанымен көлдің асау толқындары жағаны шайып елдімекендерге қауіп төндіріп тұр. Көктұма ауылының тұрғыны Гүлбаршын Бибішева 40 жылда 200 метр жер су астында қалғанын айтады. Былтыр осылай жалғаса берсе, енді бірер жылда тағы бірнеше үй құлайтынын айтады.

Гүлбаршын Бибішева, ауыл тұрғыны:

Жылда айтып кетеді жасаймыз деп жасалмайды. Мына жақтан бастап еді тоқтап қалды ғой. Енді мына ауылдың мына жағынан бастаса екен дейміз. 16-20 үйдей кеткелі тұр.

Ақши ауылында да осындай жағдай. Жағалауға жақын орналасқан бірнеше демалыс орындары қауіпті аймақта тұр.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Былтыр ғана осы жерде демалушылардың көлге түсетін арнайы баспалдағы болған. Өздеріңіз көріп тұрғандай бір қыста толқын 3-4 метр жағажайды орып тастаған. Егер бұлай жалғаса берсе келер жылы ар жағында тұрған демалыс орындарына да қауіп төнеді.

Жағалауды бекіту жұмыстары 2020 жылы басталды. Мемлекеттен 6 млрд теңгеге жуық қаржы да қарастырылды. Мердігер мекеме 1,5 млрд теңгеге жалпы жұмыстың тек 10 пайызын ғана орындаған. Онда да екі елді мекенде тиіп қашып, әр жерінен бастап, тастап кеткен. Қазір тапсырыс берушілер құрылыс компаниясымен соттасып жатыр. Жұмысты қайта жандандыру үшін қаржыны қайтарып, қайтадан есеп-қисап жасау керек.

Айбек Нұржанов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Қазір жобаны түзету жұмыстары жобалаушы ұйыммен өз қаражат есебінен жасалып жатыр. Ол енді осы қыркүйек айында жоба бітсе, ары қарай тапсырыс беріп, жылдың аяғына дейін қайтадан бастау керек боламыз. Болмаса келесі жылдан бастаймыз.

Демек жағаны бекіту жұмыстарының биыл жандануы екіталай. Ал осы шомылу маусымында Алакөлге демалуға 1,5 млн адам келеді деп күтілуде.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу