Жамбыл облысында ауа райының қолайсыздығынан пойыздар тоқтап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында ауа райының қолайсыздығынан пойыздар тоқтап қалды

15.12.2023

Жамбыл облысында табиғаттың тосын мінез танытуынан пойыздар тоқтап қалды. Қазір құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы ақпараттармен бөлісу үшін өңірдегі әріптесім тікелей қосылуға дайын тұр. Әріптес жолынан қалған жолаушылар жылы жерге орналасты ма? Жалпы аймақтағы ахуал қалай болып жатыр?

Жамбыл облысында құтқару жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Құтқару жұмыстарына 117 техника, 103 адам жұмылған. Қыстың қарбаласы әсіресе Қордай мен Шу ауданын әбден әбігерге салды. Жалпы аймақта екі күннен бері 5 мың адам құтқарылды. Адам шығыны жоқ. Түнгі уақыттан дәл қазіргі уақытқа дейін құтқарылғандар саны 2 жарым мың адамды құрайды. Олардың 90-ы бала. 600-ге жуық адам үйлеріне жіберілді. 1800-ден астам адам алты ауылдағы жылыту пункттеріне жеткізілді. 3 жолаушы Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Олардың жағдайлары тұрақты, дәрігердің бақылауында. Үш күннен бері автожолдар жабылса енді темір жол қозғалысы тоқтады. Төтенше жағдайға байланысты «Шу-Отар» учаскесінде 11 жолаушылар пойызы қозғалыстан қағылды. Шу аудандық көліктік прокуратурасының айтуынша, жолаушылар пойыздары біртіндеп жүре бастаған. 4 ауданның 32 елді мекенінде 9 мыңға жуық абонентте жарық жоқ. Қазір қалпына келтіру жұмыстары басталды. Желдің жылдамдығы секундына 45 метрге дейін жетуде. Өзге ақпаратты келесі жаңалықтар топтамасында айтатын боламын.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу