Алматыдағы Педиатрия орталығындағы бүлдіршіндер мерекені атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы Педиатрия орталығындағы бүлдіршіндер мерекені атап өтті

01.06.2023

Еліміздің әр өңірінен дертіне дауа іздеп Алматыдағы Педиатрия орталығына келген бүлдіршіндер де бүгінгі мерекені атап өтті. Сондай-ақ дәрігерлер 18 жасқа дейінгі балаларды ешқандай тіркеусіз жаппай тексеру үшін арнайы «Ашық есік» күнін ұйымдастырды.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жылына бас-аяғы 6 мыңға жуық бала ем алады. Оның 2 жарым мыңнан астамы онко және гематологиялық ауруға шалдыққан бүлдіршіндер. Жыл сайын түрлі дертпен орталыққа түскен балғынның 96 пайызы сауығып шықса, онкогематологиялық ауруды 83 пайыз науқас жеңіп шығады.

Асылжан Ерекешов, «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Жыл сайын туа біткен ақаулардың жиілігі көп. Екіншіден, онкогематологиялық аурулардың да саны жыл сайын көбеюде. Бірақ ол жаңадан табылған ауру емес. Оны дер кезінде ерте анықтау мәселесі. Осыдан 15-20 жыл бұрын бізге аурулар 2,3, тіпті, 4-дәрежесінде келіп түсетін.

Ал қазір диагнозды бастапқы сатыда анықтайтын мүмкіндік көп. Біз тілдескен ата-аналардың көбі де баласының жаман ауруға шалдыққанын ертерек білген. Шымкенттен Орталыққа 14 жастағы баласын былтыр жетектеп келеген ана да аққан ауруынан айығудың мүмкін екеніне көз жеткізіп отыр.

Шахноза Чилтарова, Дамирдің анасы:

Температура шыға берді, әлі болмады, жата берді, тамақ ішпей қойды. 1,5 ай ангина деп жаттық. Ол сол кезде басталған екен, осы жерге келгенде білдік. 4 күннен кейін аман-есен үйімізге қайтамыз.

Қазір елімізде 500-ден аса бала аты жаман ауруға шалдыққан. Дүниежүзілік статистикада лейкоз қатерлі ісік ауруларының 40%-ын құрайды. Көп жағдайда бұл кесел 3 жасқа дейін анықталады.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу