Қарағанды облысында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында «Ашаршылық. 1928-1934» жинағының жаңа VI-VII томдары жұртшылыққа таныстырылды. Оны Долинка ауылындағы «ҚарЛаг» музейіне барған Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев көпшілікке паш етті. Алдымен құрбандар рухына тағзым еткен спикер бұл бағытта жұмыстар жалғасатынын айтады. Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған. Сенаттың қолдауымен іске асырылған жинақтың 2021 жылы бес томдығы жарық көрген.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Бұл жерде енді көптеген маңызды құжаттар жиналды. Бұл еңбектердің ең басты маңызы – біз өзіміздің өткенімізді ұмытпау, бабаларымызға тағзым ету сондай-ақ жастарға халқымыздың өткен жолын түсіндіру, өткеннен сабақ алу сияқты еңбек. Бұл түптің-түбінде тәуелсіздігімізді күшейтуге, ұлттық санамызды қалыптастыруға өз үлесін қосады деп сенеміз.
Ерлан Сайлаубай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры:
Жеті томдық бойынша 1708 құжат жария көруде. Осы жолғы VI-VII томдарға енген материалдардың 90,5 пайызы алғаш реет ғылыми айналымға енгізіліп отыр. Ұсынылған құжаттар жинағы Қазақстан тарихы ғылымында өзіің лайықты орнын қазіргі уақыттан бастап алып жатыр.
Жұмыс сапары барысында Сенат төрағасы Қарағанды облысының мәслихат депутаттарымен кездесіп, оларды заң шығару үдерісіне белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ халық қалаулылары көтерген өңірге қатысты түйткілді мәселелерді тыңдады.
Руслан Нұрланұлы