Алматы облысында газ тарату стансалары салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында газ тарату стансалары салынып жатыр

26.05.2023

Алматының іргесінде қуаттылығы 250 және 150 мың текше метр болатын екі бірдей автоматты газ тарату стансасы салынып жатыр. Олар қаланы жылумен қамтып отырған екінші және үшінші жылу электр орталықтарына көгілдір отын жеткізуді жеңілдетпек. Шаһардың жаңа бас жоспарына сай бұл нысандар газға көшпек. Алматыда үш бірдей ЖЭО бар. Қазір оның тек біреуі көгілдір отынмен, қалғандары көмірмен жұмыс істейді. Оған тағы шаһар аумағындағы бірнеше шағын қазандықтарды қосыңыз. Салдарынан жыл санап мегаполистің экологиясы нашарлап барады. Мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған ірі мекемелерді газға көшіруді тапсырған болатын. Ал, оларға көгілдір отын жеткізетін стансалардың құрылысы әлдеқашан басталып кетті. Газ инфрақұрылымының құрылысына «QazaqGaz» ұлттық компаниясы жауапты.

Мейірбек Ихсанов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

Екі станса салынады. Оның біреуі 150 мың текше метр, екіншісі 250 мың текше метрлік. Оған қосымша Қазақстан-Қытай және Алматы-Байсерке-Талғар газ құбырларының арасында газ жалғастырғыш салынады. Бұл екі мәселені шешейін деп тұр. Бірінші осы аймақтағы экология мәселесі, екінші бұл газды үздіксіз әрі қауіпсіз таратуға мүмкіндік береді.

Станциялар екінші және үшінші ЖЭО жақын маңда салынбақ. Қазір учаскені дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Жуық арада негізгі құрылыс жұмыстарын бастаймыз дейді, мердігер компания өкілдері.

Дмитрий Денисов, мердігер компанияның бас директоры:

Қазір құрылыс алаңында 20 адам жұмыс істеп жатыр. 12 бірлік техника жұмылдырылған. Жуық арада біз кран әкеп құрамыз. Одан кейін дәнекерлеу жұмыстары басталады. Құбыр тарту тағы бар. Бірнеше аптадан кейін шаруаға 100 жұмысшы жалдаймыз.

Мақсат – нысанды межелі мерзімде қолданысқа беру. QazaqGaz ұлттық компания басшылығының айтуынша, құрылыс жұмыстары осы жылдың желтоқсан айында аяқталады. Жоба сәтті жүзеге асса, 2030 жылға дейін ЖЭО көгілдір отынға қосылады.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу