АҚШ Конгресі Қазақстанға қатысты заң жобасын қарауына алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ Конгресі Қазақстанға қатысты заң жобасын қарауына алды

25.05.2023

АҚШ Конгресі Қазақстанға қатысты заң жобасын қарауына алды. Нақты айтқанда, құжат Кеңес одағына қарсы санкция салу мақсатында қабылданған Джексон-Вэник түзетулерінің күшін жойып, біздің елдің тауарларын Америка жерінде кедергісіз экспорттауға қосымша мүмкіндік ашпақ. 

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Заң жобасын Өкілдер палатасының Қазақcтан-АҚШ достық тобына кіретін депутаттары әзірлеп ұсынды. Құжат бар жоғы 3 беттен тұрады. Бір ғана түзету енгізіліп отыр. Нақты айтқанда 1974 жылғы сауда туралы заңның 4-бөлімін Қазақстан өнімдеріне қолданбау жазылған. Яғни, кеңес одағынан келе жатқан кедергілерді алып тастап, Қазақстанмен қалыпты сауда қатынасын реттеуді көздейді. Себебі жарты ғасыр бұрын енгізілген «Джексон-Вэник түзетуі екіжақты байланысты тереңдетуге кедергі келтіріп отыр.

Ариэль Коэн, Атлантикалық сараптама одағының ғылыми қызметкері:

Бұл түзетулер еврейлердің көші-қонына кедергі жасаған Кеңес одағына қарсы санкция салу үшін енгізілген. Бірақ Одақтың ыдырағанына 30 жыл болды ғой, Джексон-Вэник ескі заманның сарқыншағы. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанға мүлдем қатысы жоқ. Шектеудің әлі де заңда болуы екі жақты байланысқа кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан оны алып тастайтын уақыт жетті.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Заң жобасы 118-ші Конгреске осы аптада ұсынылды. Оны енді Өкілдер палатасы сосын Сенат қарап бекітуі керек. Содан соң президент Джо Байден қол қояды. Бірақ Конгресте заң жобаларын қараудың нақты регламенті жоқ. Демек, бастамашы топтың әріптестері арасында беделі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Депутаттық мандаттары біткенше яғни, келер жылдың соңына дейін уақыттары бар. Олар ұсынған құжат осы аралықта қабылданбаса, процесті жаңа депутаттармен қайтадан бастауға тура келеді. Бірақ Қазақстан Елшісінің пікірінше бұл жолы бәрі сәтімен болуы тиіс.

Ержан Ашықбаев, ҚР АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі:

Джексон-Вэник түзетулері күшін жояды деген сенім бар. Сондықтан бұл бағытта да жұмысымызды жалғастыратын боламыз.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Кеңес одағына салынған санкцияның қыспағынан Қырғызстан мен сол одақтың мираскері Ресей бірнеше жыл бұрын құтылған. Еліміз де тәуелсіздік алғалы бері бұл бағыттағы жұмысты белсенді жүргізіп келеді. Джексон-Вэник түзетуін алып тастау туралы заң жобасын депутаттар арқылы Конгреске осымен 12-ші рет енгізіп отыр. Былтыр Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда айналымы 40 пайызға артып, рекордтық көрсеткіш 3 млрд долларға жетті. Сарапшылардың айтуынша, егер АҚШ заңындағы кедергілер алынып тасталса, екіжақты тауар айналым одан әрі арта түспек.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу