Ертең «Дара» ұлттық білім бәйгесінің тұсаукесері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең «Дара» ұлттық білім бәйгесінің тұсаукесері

20.05.2023

Ұлттық арнада жаңа жоба! Ертеңнен бастап эфирімізде «Дара» ұлттық білім бәйгесі көрсетіле бастайды. Оған Қазақстандағы ең үздік 27 жоғары оқу орнынан 200-ге жуық студент қатысады. Жастар 15 қаладан және елдің түкпір-түкпірінен жиналған. Интелектуалдық мега жобаның ерекшелігі қандай?

6 студенттен құралған 32 команда. Бәрі де сақадай сай. Елдегі ең ірі және ең қызықты интеллектуалдық тележоба басталмақ.

Ақмадияр Әбдуғаппар, жобаға қатысушы:

Дайындық өте жақсы. Жан-жақты дайындалып келдік. Әртүрлі саладан. Әртүрлі пәндерден. Шарттары өте қызықты. Бұйырса өте қызық ойын болатын сияқты.

Жоба «Кім жылдам?», «12» және «Жұмбақ жәшік» сияқты үш кезеңнен түзілген. Мұнда жаттанды һәм жеңіл сұрақ жоқ. Санаға түйгенің мен түйсігің қос өрімдей қатар жүруі тиіс.

Болат Мүрсәлім, «Qazaqstan» телеарнасының директоры:

Жеңілдетпеуге тырыстық. Неғұрлым ақылды, білімді, ойлы, нағыз осы 21 ғасырдың талаптарына сай келетін азаматтарды республика жұртшылығына жарқыратып көрсетуді ең басты, бірінші мақсат тұттық біз.

Ұлттық білім бәйгесі үш айға созылады. Ілімнің ізін шолған жастардың ішінен дарасын анықтау үшін әр жексенбі сағат 20:50-де Ұлттық арнаны көріңіз!

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу