Ұлттық арнада «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасы басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнада «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасы басталады

25.03.2022

Ертең Ұлттық арна эфирінен «Qazaqstan дауысы. Балалар» мегажобасы көрерменге жол тартады. Бұл - әлемнің 100 елінде көрсетілген әйгілі «The Voice. Kids» телешоуының қазақстандық нұсқасы.

Ұлттық арнаның ресми сайты арқылы жобаға қатысуға ұзын-саны 4 жарым мың өтініш түскен. Оның ішінде өзге мемлекеттен арнайы келген таланттар да бар. Музыкалық продюсерлер олардың арасынан ең үздік 100-ге тарта қатысушыны «көрмей таңдау» кезеңіне іріктеп алды.

Аида Тілеухан, «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасының продюсері:

Өткен жылы ересектер арасында «Qazaqstan дауысы» жобасы өткен болатын. Ең мықты дауыс иесін анықтадық. Енді балалар жылына орай «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасы эфирге жол тартпақ. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі, әр өңіріндегі тума таланттарды алып шығып, елге таныту, олардың өнердегі дара жолын қалыптастыруға мүмкіндік жасау. Осындай шоулардың басты міндеті де, мақсаты да осы.

Дастан Оразбеков, «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасының тәлімгері:

Қазір менің тобымда ең кенжесі 9 жаста. Олар өздері жалындап тұрған балалар ғой. Олар ешқандай қиындық тудырмайды. Ең бастысы дұрыс ән таңдап беруім керек. Әр жоба өткен сайын міндетті түрде шыңдалу керек балалар. Сондықтан дәстүрлі әнші балаларымыз эстрадамен немесе керісінше, эстрада айтып жүргендер дәстүрлі ән айтуы мүмкін.

Байқауда 8 бен 14 жас аралығындағы балалар бақ сынайды. «Көрмей таңдау» кезеңінде 4 тәлімгер өз тобына 15 қатысушыдан таңдап алған. Алғашқы кезең 10 бағдарламадан тұрады. Одан іріктелген үздіктер «жекпе жек», «тікелей эфир» кезеңдеріне жолдама алады. Балалар жылына орай ұйымдастырылған байқаудың жүзден жүйрік таланттарын бірге таңдауға мүмкіндік бар. Ең ауқымды ән бәйгесінің алғашқы санын, ертең сағат 21:00-де Ұлттық арнадан өткізіп алмаңыз.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу