Орталық Азия мен Еуроодақтың тауар айналымы артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азия мен Еуроодақтың тауар айналымы артқан

19.05.2023

Орталық Азия мен Еуроодақ арасындағы тауар айналымы 61 пайызға артып, 49 миллиард долларға жетті. Алыс-беріс қарқыны алдағы уақытта тағы өседі. Мұны Алматыда өткен халықаралық формуда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та, Еуропалық комиссияның атқарушы вице-президенті Валдис Домбровскис те айтты. Ал Қазақстандағы жобаларды дамытуға Еуроодақтың өзі 9 миллион еуро бөлу ге келісті. Елімізде үздіксіз дамып келе жатқан 29 саладағы жобаларды техникалық жағынан қолдау үшін Еуроодақтан биыл 9 миллион еуро бөлінеді. Сол үшін де бүгін екі жақ қаржылық келісімге отырды. Мәселен, бұл жолы шикізат өндіру, аккумуляторлық батареяларды шығару мен жасыл экономиканы дамыту сияқты секторлар басты назарда.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер- Министрі:

Біз Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың екі жақты форматта және өңіраралық деңгейде қарқынды дамуын қолдаймыз. Өңір елдерінің күш - жігерінің арқасында бүгінде Орталық Азия белсенді дамып келе жатқан үлкен мүмкіндіктер аймағы болып табылады. Ал басты тірегі сауда экономикалық саладағы ынтымақтастық болып қала береді.

Иә, былтыр Қазақстаннан Еуроодақ елдеріне 32 миллиард доллардың тауары жіберілген. Ал импорт көлемі 8 млрд долларға жуықтаған.Осы жылдың алғашқы үш айында-ақ өзара сауда көлемі 12,5 пайызға артқан. Енді Қазақстан Еуроодақ елдеріне экспортты 175 тауар түріне дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл тауар айналымын тағы 2 млрд. долларға арттырады.

Йоханнес Баур, Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігі ынтымақтастық бөлімінің басшысы:

Украинадағы соғыстан кейін Еуроодақ пен Қазақстанның өзара ынтымақтастық келісімі нығая түсті. Өйткені, Еуропа үшін Қазақстан - Орта Азиядағы ең сенімді серіктес. Әсіресе, мұнай тасымалдау жағынан қарқыны басым. Алдағы уақытта дайын тауар өнімін де көптеп экспорттауға мүмкіндігі болады деп ойлаймын.

Шикізат демекші, Орта Азиядан Еуропаға жіберілетін өнімінің 90 пайызы мұнай, газ, металл сияқты шикізат көзі. Ал дайын өнімнің үлесі 5 пайыз. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстан кейін, өткен жылдың өзінде Транскаспий халықаралық дәлізі арқылы 1,5 миллион тонна жүк жіберілген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Айтпақшы, Әлихан Смайылов Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуропалық инвестициялық банк басшылығымен кездесіп, автожолдарды жөндеу, энергетикалық қуаттарды жаңғырту мәселелерін талқылады. Шетелдік делегация бұл жобалармен қатар банк секторының дамуына да үлес қосамыз деп отыр.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу