Медициналық сақтандыру қажет пе? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медициналық сақтандыру қажет пе?

19.05.2023

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін жыл сайын 9 млрд теңге жұмсалады. Бүгін қор басшысы мен Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесіне түскен ақшаның қайда кететіні туралы есеп берді. Медициналық сақтандыру төңірегіндегі дау басылар емес. Ай сайын жалақысының екі пайызын қорға аударатын халықтың да шағымы көп. Көбі медициналық көмек қолжетімсіз дейді. Кей емханаларда тіпті маман тапшы. Енді бірінде қажетті диагностикалық техника жоқ. Соның кесірінен айлап кезек күтеміз деп шағымданады. Қор жұмысының тиімсіздігі туралы Мәжілісте де жиі айтылып жүр. Бір топ депутат тіпті дәрігерге жүгінбегендерге қорға аударған ақшаның жартысын қайтарып беруді сұрады. Ал денсаулық сақтау министрлігі бұл мүмкін емес деп отыр. Вице-министрдің пікірінше мұндай үрдіс тіпті халықаралық тәжірибеде жоқ. Биыл медициналық көмекке жүгінбеген адам келесі жылы қордың көмегімен 1 млн теңгенің емін тегін ала алатынын еске салды.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

Мемлекеттердің бәрінде ынтымақтастықтың арқасында қаражаты бар адамдар кедейлер үшін төлейді, сау адамдар ауру адамдар үшін төлейді. Біздің де әлеуметтік сақтандыру жүйеміз тура дамыған мемлекеттер сияқты осындай қағидаға негізделген. Қайтару механизмі жоқ.

Министрліктің есебінше МӘМС іске қосылғалы стоматологиялық қызметті тегін пайдаланушылар саны бес есе артқан. Бұған дейін тіс емдетуге 3 млн адам жүгінсе, былтыр бұл қызмет 13 млн адамға ақысыз көрсетілген. Олар балалар, жүкті әйелдер, мүгедектер, зейнеткерлер және көп балалалы аналар. Томография қызметін пайдаланғандар да 13 мыңнан 21 мыңға дейін өсті. Қымбат тұратын КТ мен МРТ-ны бұған дейін 200 мың теңгеге жасаса, былтыр бұл қызметті 1 млн адам ақысыз пайдаланды. Қорға аударылатын жарнаның да мөлшері өсуі мүмкін. Себебі екі пайыздық жарна елдегі жалпы медицинаны қаржыландыруға жетпейді.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

Бұл проблема тарифтердің медициналық көмекке жұмсалатын шығындарға нақты сәйкес келмеуінен туындайды.

Ал қор қазір «науқасты қабылдадық» деп жалған есеп беретіндермен күресіп жүр. Көрсетілген қызметті қосып жазатындар жыл санап артып келеді. 2020 жылы дәл осындай 21 мың жағдай тіркелсе, 2021 жылы 35 мың есеп жалған болып шыққан. Ал былтыр 52 мың астам қызметті дәрігерлердің қосып жазғаны анықталған.

Сәбит Ахметов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы:

Кейбір СМС-тер келіп осындай дәрігерден, немесе Узи алды деген ақпарат келетін болса, ал шын мәнінде ол алмаған болса, онда біз ондай мекемелерге өзіміз айыппұл санкциясы бар, соларды оларға қолданамыз.

Айя Мүтәлі, тілші:

МӘМС жүйесіне қазір сын көбейген соң қор жұмысына аудит жүргізілетін болды. Оны жоғарғы аудиторлық палата іске асырады. Сондай-ақ жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін медициналық қызметтердің сапасы мен кеткен шығынды бақылайтын біріңғай жүйе құрылмақ.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу