Алматыда еріктілерге құтқару жұмыстарының қыр-сыры үйретілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда еріктілерге құтқару жұмыстарының қыр-сыры үйретілді

16.05.2023

Қазақстандық еріктілер алғаш рет кәсіби мамандардан төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігін үйренді. Алматы облысында өткен оқу-жаттығу және құтқару жұмыстарына 45 азаматтық ұйымның жетекшілері қатысты.

Күн күрт жылынып, шомылу маусымы басталғанда қауіп те көбейеді. Еріктілердің мұндай кезде суға кеткен адамға жедел көмек көрсету, қалай әрекет ету керектігін жақсы білуі аса маңызды. Тіпті құтқаруға қажетті құралдарды да меңгеруі тиіс.

Ләззат Тәлімова, ерікті:

Түрлі жаттығулардан өтіп жатырмыз. Суда құтқару операциясын көрсетіп жатыр қазір. Осындай жұмыстар, осындай тәжірибенің арқасында болашақта еріктілердің құтқару жұмыстарына үлкен пайдасын тигізеді деп ойлаймын.

Шара аясында еріктілер кинологтардың жұмысына да қанықты. Соңғы кезде әлемде иісшіл иттердің көмегіне сұраныс артқан.

Қуан Нұрақын, тілші:

Бүгінгі бес мемлекет қатысып жатқан оқу-жаттығу жұмыстарына қырықтан аса ит қатысып жатыр. Қазір бұларға берілген тапсырма таудың басындағы жасырынған адамды іздеп табуы керек.

Былтыр төтенше жағдайлар министрлігі еліміз бойынша еріктілермен бірлесе 800-ге жуық шара өткізген. Ал биылғы шара бұрынғыдан өзгеше. Себебі еріктілер алдымен білімін жетілдіріп, тәжірибе жинауына мүмкіндік алып отыр.

Қаһарман Оразалин, ҚР ТЖМ департамент басшысы:

Төтенше жағдайларға таяу жағдайды қойып отырмыз. Олар қандай қиындық болатынын білуі керек. Қандай ауыртпашылық болуы мүмкін. Солардан қалай өтуге бізден үйренеді.

Бұл оқу-жаттығу алаңында осыған дейін 20 мыңнан аса құтқарушы қайта даярлаудан өткен. Енді дәстүрлі жиынға жыл сайын еріктілерді де қосу жоспарланған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу