Үкімет басшысы Әлихан Смайылов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Халықтың қоныстануы саласындағы қордың атқарушы директоры Наталия Канеммен кездесті. Тараптар отандық білім беру мен денсаулық сақтауды дамыту, жастарды қолдау жөніндегі бастамаларды талқылады. Сондай-ақ Алматыда аталған қор көшбасшыларының жаһандық кездесуін өткізу мәселелерін пысықтады. Премьер-министр БҰҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен басымдықтары 2021-2025 жылдарға арналған негіздемелік бағдарламада айқындалғанын айтты. Оны жүзеге асыру елімізде нақты оң нәтиже беріп отыр. Өз кезегінде Наталия Канем Қазақстанның соңғы жылдары әлеуметтік саланы дамытуда қол жеткізген жоғары нәтижелерін атап өтіп, қор жаңа бастамаларды жүзеге асыруда көмек пен техникалық қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін растады.
Дарын Сағитов