Қазақстандықтар ескі көлікті сырттан тасуға әлі де мәжбүр бола ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар ескі көлікті сырттан тасуға әлі де мәжбүр бола ма?

14.05.2023

2027 жылға қарай Қазақстан жылына жарты миллион машина шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты. Оның сөзінше, былтыр елімізде 100 мың автокөлік жиналған. Одан бөлек, шиналар, аккумуляторлар мен алдыңғы бамперлер шығарыла бастапты.

Сондай-ақ министр: «Егер Қазақстан нарығы 150 мың машина болса, келесі жылы қазақстандық автоөндіріс 150 мың машина шығарады»,-деді. Яғни, сұранысты қамтуға күшіміз жетеді дегендей.Бірақ, халық күтіп отырған 4 пайыздық несиенің шарттары тағы өзгерді. Қиындай түсті. Мәселен, несие енді жалақысы аз тұрғындарға ғана берілуі мүмкін.

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Белгілі бір жалақыны белгілейміз. Кім одан жоғары жалақы алатын болса ол кісілер мысалы автонесиелеуге қатыса алмайды. Тек қана белгілі бір жалақыдан төмен болған. Яғни көбіне мұқтаж кісілерге арналған жасаймыз ба деп отырмыз.

Тағы бір өзгеріс: Бағдарлама енді қорға жиналған ақша 500 көлік алуға жеткенде ғана іске қосылады. Бұл 5 млрд теңге. Ай сайын 1 млрд теңге түсетінін ескерсек, әр конкурсты кемі 5 ай күту керек. Сонда жылына 1000-1200 көлік қана берілуі мүмкін. Ол жыл сайын өндірілетін көліктің 1 пайызы ғана.

Бұл есепке қарасақ, төмен пайызды автонесие халықты көлікпен қамту мәселесін шешпейтіндей. Ал елдегі көлікті қымбатсынған кей азаматтар көрші елдерден тасыды. Әлі де әкеліп жатыр. Өйткені, мемлекет сырттан келген көліктерді заңдастыруға мүмкіндік сыйлады. Енді ел арасында «конструктор көлік» аталып кеткен машиналарды заңдастыруға да рұқсат берді.

Бұл қаншалықты дұрыс? Өйткені, «конструктор» деген сіз бен біз ойлағандай бөлшектеліп келген көлік құралдары емес, тек құжаты ғана солай рәсімделген кәдімгі көліктер екен. Сонда оның қауіпсіздігі қалай тексеріледі? Сарапшылар не дейді? Жалпы, бағдарлама қашан басталады, қандай талаптар бар? Мемлекеттің бұл шешімі көлік нарығындағы мәселені қаншалықты шеше алады?

Ресей, Қырғызстан, Армения, Грузия... Бұл тізім кете береді. Сырттан түрлі жолдармен әкелінген көліктерді заңдастыру көптен талқыланып жүр. Биыл жыл басында бұрынғы тіркеуден шығарылған және кедендік тазартудан өткен көліктерді тіркеуге рұқсат берілген еді. Содан бері 107 мың көлік заңдастырылған. Енді ел ішінде «конструктор көлік» аталып кеткен машиналар да жеңілдікпен рәсімделмек.

Данияр Мәкешов, шетелдік көліктерді заңдастыру бойынша белсенді топ мүшесі:

Заң жағынан ондай сөз жоқ «конструктор» деген. Құрастырылып алып келген көлік деген де жоқ. Оның ішінде Ниссандар да кіреді, неміс автопромы да кіреді шет елден әкелінген. Соның бәрі конструктор болып есептеледі.

Арай Құлтұқаева, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Бұл дегеніміз ҚР аумағына кедендік бақылаудан өтеді ғой, сол кезде олар сайман ретінде, бөлшек ретінде рәсімделген. Негізінен бұлар толыққанды көлік құралы болып саналады.

Мұндай көліктерді тіркеу кұны 200 мың теңге. Заңдастыру үшін көлік иелері ішкі істер органдарынан көлікті тексеру актісін алып, техникалық қараудың диагностикалық картасын жасау қажет. Ішкі істер министрлігі қазір осындай 14 мың көлік бар екенін анықтаған. Бірақ, шынында одан көп болуы мүмкін.

Данияр Мәкешов, Шет елдік көліктерді заңдастыру бойынша белсенді топ мүшесі:

Егер де мына Ресейдегі учетта тұрған көліктерді алатын болсақ, 200 мың деп осыдан 2 жыл бұрын айтқан болатын. 200 мың Ресейден әкелінген деп, енді қалған 300 мың дегенде сол 100 мың болып тұр ғо конструкторлар.

Сонда осынша машина кедендік бақылаудан автокөлік бөлшегі ретінде рәсімделіп кіргізілсе, қазір Қазақстанда қандай құжаттармен жүр?

Арай Құлтұқаева, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Олардың тіркеу құжаттары барлығында бар. Олар қандай мақсатпен тіркелгенін біз білмейміз, бірақ қолдарында жаңағы техпспорттары бар. Бірақ та олар басқа мемлекеттер де еш жерде тіркеуде жоқ.

Мұндай көліктерді тіркеу 22-ші мамырда басталып, 1-шілдеге дейін жалғасады. Шамамен 40 күн. Ал, көлік иелері болса бұл мерзім қысқа, біз үлгермей қаламыз ба деп қорқып отыр. Тағы бір талап: мұндай көліктермен Қазақстан аумағында ғана жүруге рұқсат беріледі және кейін басқа біреуге сатуға тыйым салынады.

Данияр Мәкешов, Шет елдік көліктерді заңдастыру бойынша белсенді топ мүшесі:

Бір көңілден шықпайтын зат Бүкіләлемдік Сауда Ұйымының нормасын пайдаланбағандары. БСҰ-ның нормасында, мысалы, айтылады. Қазақстанның ішінде бір мемлекеттің ішінде бір-біріне сатуға құқылы халық. Бірақ та бізді бұдан шектеп қойды. Біз, мысалы, бұны еш қай жерге де сата алмаймыз.

Арай Құлтұқаева, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Бұл құрылғылар кедендік тазалаудан толыққанды өтпеген және кедендік одақ мемлекеттерінде тіркеуде жоқ.

Автосарапшыларды алаңдатып отырғаны да осы. Өйткені, бұл көліктер еш жерде тіркеуде болмаса, құжатты қайдан, қалай алған? Ол жалған құжат емес пе? Сонда көліктің қалай құрастырылғаны да белгісіз болып шығады. Тіпті, әр түрлі машинаның автобөлшектері де салынған болуы мүмкін.

Эдуард Эдоков, автосарапшы:

Бұл машиналарды анықтау өте қиын. Тіпті, олар өзге елде құрастырылған жоқ, Қазақстанға бөлшектеп кіргізілді дегеннің өзін де олар осында қай жерде құрастырылғаны белгісіз. Мысалы, зауыттар бөлшектерді сырттан әкеліп, осында құрастырып, оның қауіпсіздігіне кепілдік бере алады. Ал, мұндай көліктердің қауіпсіздігіне кім жауапкершілік алады?

Эдуард Эдоков сондықтан мұндай көліктерді заңдастыруға түбегейлі қарсы. Өйткені, бұл жеңілдік сырттан көлік әкелушілерді одан сайын көбейтеді, деп есептпейді. Себебі, бір жеңілдік жасалғанын көргендер тағы да үміттенуі мүмкін. Ал, заң бойыншша, бұл жеңілдікке өткен жылдың 1-шы қыркүйегіне дейін ғана кіргізілген көліктер ілігеді. Бірақ, содан бері тағы 80 мың көлік әкелініпті. Сондықтан, оларды да заңдастыруға рұқсат беру керек,-дейді мәжіліс депутаты.

Наурыз Сайлаубай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қарапайым халық шет елдік көлікті неге алып жатыр? Өйткені, машиналардың жылы жаңа, сапасы жоғары. Бағасы жағынан да тиімді. Шет елден ресми түрде алайын десе утил құны көліктің бағасынан да асып жатыр. Сондықтан, азаматтар шет елден көліктерді тасып жатыр.

Демек, алдағы уақытта бұл мәселе әлі де ушыға түсетіндей. Өйткені, деректер базасында оларға көлік құралы ретінде кедендік алым төленгені жөнінде ақпарат жоқ. Ал қаулыға сай машина Еуразиялық экономикалық одақ мемлекетінде есепте тұрмауы қажет. Тағы бір мәселе, машиналар тізімінде Грузия, Моңғолия сияқты одаққа мүше емес мемлекеттен келген техника да жетерлік. Көлік иелерінің арасында жалғызбасты аналар, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасы мүшелері де бар екен.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу