Алматы облысында бір үйдің бес адамы уланып қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында бір үйдің бес адамы уланып қайтыс болды

10.05.2023

Алматы облысында жантүршігерлік жағдай болды. Бір үйдің алты бірдей адамы уланып, бесеуі мерт болған. 40-қа таяған отағасы жедел жәрдем көлігі келгенше көз жұмса, төрт перзенті ауруханада жан тапсырды. Ал бұл ауыр қазадан хабарсыз аналары аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Оқыс оқиға қалай болған? Ауыр қазаға не себеп? Қуан Нұрақын анықтап көрді.

Қуан Нұрақын, тілші:

Қайғылы жағдай осы Көлащы ауылында болған. Бір отбасын қара жамылдырған оқиға жұртты алаңдатып тастады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Бір күнде қаза тапқан жақындарының қазасынан туыстары сансырап қалған. Көршілері де сене алар емес. Ауыл азаматтары жанұяны үлгілі отбасы еді деп еске алады. Отағасы да айтқанды екі етпейтін елгезек жан болған. Қайғылы жағдайды алғаш болып көршілері байқаған.

Ахан Қалдыбаев, ауыл тұрғыны:

Кішкентай бала ойнауға барса кішкентай бала құлап жатқан. Сөйтіп шешесіне айтқан осылай болып жатыр деп.

Бибісара Мәмбетова, ауыл тұрғыны:

Күйеуі камаз жүргізушісі еді. Осы қатардағы жаңадан салынайын деп жатқан үйлердің барлық торпақтарын өмірде екі етпейтін еді. Қоңырау шалса, жүгіріп келіп, әкеліп беретін еді пақыр.

Мектеп ұжымына да қайғылы жағдай ауыр тиген. Балалардың ең кішісі бес жаста болса, қалғандары 4-ші, 6-шы және 9-шы сыныпта оқыған. Шәкірттердің үшеуі де оқуда озат, тәртіпті болыпты.

Гүлдария Әбілғазиева, Б.Момышұлы атындағы көлащы ауылдық орта мектебінің директоры:

Балалар өте белсенді болатын. Қоғамдық жұмыстарға өте жақсы қатысатын. Тәртіпті, мәдениетті болатын. Жанып тұрған балалар еді.

Ал оқыс оқиғадан аман қалған аналары қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайы жақсарып келе жатқанын айтады. Бірнеше күнде палатаға ауыстырылуы мүмкін. Алайда болған жағдайдан әлі бейхабар.

Нұрсұлтан Жүзбеков, Қарасай аудандық көпсалалы ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі:

Ол кісінің жағдайы жақсы. Өміріне төніп тұрған қауіп жоқ. Анализдері бойынша бәрі тұрақты. Болған жайт туралы есінде жоқ. Ауруханаға қалай келіп түскені туралы ешнәрсе есінде жоқ. Қалай келіп түскенін білмейді.

Қазір аталған дерек полицияда тіркеліп, сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Айдар Омаров, Қарасай аудандық полиция бөлімінің басшысы:

Түпкілікті шешім тағайындалған сараптамалық тексерулердің нәтижелері бойынша қабылданатын болады. Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер көміртегі тотығымен уланған.

Десе де, қайғылы оқиғаның нақты неден болғанын анықтау үшін бірнеше орган қызметкерлері күш біріктірген. Олардың арасында Төтенше жағдайлар департаментінің, газ қызметінің мамандары мен санитар дәрігерлер бар.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу