Шымкентте бір айда 92 адам газдан уланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте бір айда 92 адам газдан уланған

06.11.2020

Таразда тағы бір отбасының үш адамы ыс тиіп, қайтыс болды. Өңірде осыдан бес күн бұрын ғана, газ пешіндегі ақау салдарынан бес адам уланып, екеуі көз жұмған еді. Ал, Шымкентте бүгін 10 жасар бала көмірқышқыл газына тұншығып, жан тәсілім етті. Бір айда зардап шеккендердің саны 90-нан асып кеткен.  

Сәбит Әлдебай, тілші:  
- Оқиға түнгі сағат үштер шамасында қазір біз тұрған Қант зауыты маңындағы Уәлиханов көшесіндегі мына жеке тұрғын үйде болған . Оқиға орнына жеткен құтқарушылар өртті сөндіріп, үйден үш адамның мәйітін алып шыққан.   

Болжам бойынша өрт саман кірпіштен соғылған үйдің шатырындағы электр сымдарының тұйықталуынан болған. Куәгерлерінің айтуынша, өрт шыққан мезетте үйдің жанындағы жазғы асханада жатқан 38 жастағы азамат әжесі мен әкесін құтқармақ болып лапылдаған отқа қойып кеткен. Алайда оны жалын шарпып, үйден шыға алмай қалған.

Елназ Таласбаева, қала тұрғыны:    
-Қайғылы оқиға болғанын таңда білдік. Құтқарушыларды көршілер шақырған екен. Осы үйдің тағы бір кішкене баласы көршінің үйінде түнеп аман қалды.    

Қазір қайғылы оқиғаға қатысты сараптамалар тағайындалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Ал, бүгін Шымкентте 10 жасар бала газдан уланып қайтыс болды. Отбасы түн ішінде газдың өшіп, қайта жанғанын байқамаған. Иістен тұра алмаған тағы екі азамат ауруханада хәл үстінде. Жалпы күн суытқалы Шымкентте газдан уланғандардың саны күннен-күнге артып барады. Айналдырған бір айдың ішінде 92 адам зардап шеккен.

Бақытжан Позилов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:  
-Науқас қазір жансақтау бөліміде. Жағдай бірқалыпты. Дәрігерлер ұдайы тексеріп, жағдайын біліп тұр. Жылдам сауығып кетуіне барымызды салатын боламыз. 

Елімізде жыл санап газдан уланып ажал құшатындардың саны артып келеді. Былтыр Қазақстан аумағында 56 ал, биыл жиырмадан астам адам көз жұмды. Бұған селқос қарап отырған облыс әкімдеріне Үкімет басшысы кемшілікті жою үшін бір ай уақыт берді. Осы мерзімде барлық өңірде газ-техникалық инспекциясы құрылуы тиіс.

Сәбит Әлдебай


Шымкент газдан улану

Хабарламаларға жазылу