Алматыда тегін үйірмелер платформасынан дау шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда тегін үйірмелер платформасынан дау шықты

03.05.2023

Алматыда тегін үйірмелер платформасынан дау шықты. Ата-аналар бұрынғы ArtSport жобасын алмастыру үшін жасалған платформаға балаларын кезекке қоя алмаған. Жобаның құрастырушылары жүйеден ақау шыққанын хабарлаған. Нұрдана Мұхамедиярова екі баласын «Даму бала» порталына алдын-ала тіркеп қойған. Кеше үйірме таңдау үшін сайтқа кіргенде қиындыққа тап болғанын айтады. Артынша ата-аналар тобында барлығы жүйеге кіре алмай жатқандарын жазған.

Нұрдана Мұхамедиярова, қала тұрғыны:

Бір адам тіркелдім дегенді естіген жоқпын. Мысалы, мен вокалды таңдағам қызыма. Соны басып едім айналып тұрып алды. Содан біраз уақыттан кейін ашылғандай болды. Секцияға тіркелу деген жазуды бассам тағы тұрып алды. Бірнеше уақыттан кейін тізім бос деп жоқ болып кетеді.

Жобаның өкілі Сәуле Жұмажанова портал Ақпараттық қауіпсіздік комитетінде тексерістен өткенін айтады. Еш кедергі болмаған. Ал кеше ақау болып, сайт ашылмай қалғанда бірден жүйені реттеуші компанияға хабарласқан.

Сәуле Жұмажанова, «DAMU BALA» ақпараттық жүйесінің өкілі:

Бір жарым сағат дегенде бізге электр жарығының сөніп қалғаны туралы хабарлама келді. Бұл біздің кінәміздан болған жағдай емес. Өкінішке орай, осы олқылықтан ешкім кезекке тұра алмады. Бүгін барлығын қалпына келтірдік. Ақаудың нақты неден болғанын қосымша хабарлаймыз.

Ақзер Әбдірайымова кеше жүйеге, тіпті тіркеле алмаған. Айтуынша, бүгін де платформаның іске қосылуын тағатсыздана күткен.

Ақзер Әбдірайымова, қала тұрғыны:

Бүгін кешкі алтыда кіруге тырыстым. Сайтқа кіруін кірдім. Бірақ кіргенмен орын бос болмай адам саны көбейіп кетіп, содан тіркелмей тағы қалдық.

Қуан Нұрақын, тілші:

Соңғы екі жылда республика бойынша тегін үйірмелерге 122 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Оның басым бөлігі Алматы қаласына тиесілі. Платформа өкілдері ақауды қалпына келтірдік дегенімен, алматылық ата-аналардың көбі жүйеден әлі де қиындықтар туып жатқанына шағымданып отыр.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу