Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін үйірмелер ұйымдастырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін үйірмелер ұйымдастырылып жатыр

05.03.2019

Көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасылар мәселесін шешу мақсатында Екібастұзда кешенді бағдарлама жасалды. Соған сәйкес жұмыс тобы құрылып, үй-үйлерді аралады. Әр отбасының тұрмысын көрді. Сөйтіп, аса мұқтаж 19 отбасына баспана берілетін болды. Олардың барлығы мемлекеттік қор меншігінде тұр. Іші-сырты жөнделгеннен кейін жаңа иелеріне тапсырылады.

Көмекке мұқтаж отбасынан шыққан қанша бала балабақшада, мектепте, колледжде? Екібастұз билігі алдымен осы мәліметтерді анықтады. Іле мүлдем жұмыссыз отырған 5 отбасынан бір-бір адамнан тұрақты жұмысқа орналастырылып, ақылы білім алып жатқан 6 студент грантқа ауыстырылды. Көпбалалы отбасынан шыққан, жеке кәсібін бастауға ниетті жастарға да нақты көмек жасалады.

Диана Әбенова, Жастар бастамаларын қолдау орталығының директоры:

- Үлкен мүмкіндік жасалып отыр. Мәселен, біздің қалада бос тұрған ғимараттар көп. Соларды әкімшілік сенімді басқаруға береді. Яғни, кәсіп ашып, бизнес жүргізуге өте қолайлы жағдай.

Екібастұзда 1700-ден астам көпбалалы отбасы бар. 300-ге тарта сәби балабақшада тәрбие алып жатыр. Екі апта болды бұл балаларға үйірмелер тегін.

Ажаргүл Тұрсынбайқызы, «Күміс алқа» иегері:

- Ең бірінші осы балабақшадан қалыптасып, ағылшын тілін барлық деңгейде үйреніп жатыр. Сондықтан бала мектепке барғанда бұл бізге үлкен демеу болады. Үлкен жеңілдік болады.

Санжар екі жасынан бері ән салады. Бірақ ата-анасының кәсіби маман жалдауға мүмкіндігі болған жоқ. Себебі оның алдында 4 бірдей аға, әпкесі бар. Ал, балабақшада жақында ашылған вокал үйірмесінің жетекшісі бұл бала сахнада өнер көрсетуге дайын екенін айтады.

Гүлнұр Аманжолова, көпбалалы ана:

- Ойлап жүргенмін, осы кішкентайымды бір үйірмеге берсем деп. Қазір тегін үйірмелер ашылып отыр. Соған енді өте қуаныштымын.

Әзірге бес үйірме ашылған. Балалар аптасына екі рет барады. Алдағы уақытта осы жеткіншектердің ата-аналары қоғамдық көлікте тегін жүруі мүмкін. Қазір бұл мәселені шешудің жолы қарастырылып жатыр.

Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу