Теңгеге қатысты дау шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңгеге қатысты дау шықты

26.06.2014
Теңгеге қатысты дау шықты
Бүгін әлеуметтік желілерде ұлттық теңгемізге қатысты шу шықты. Даудың басы мың теңгелікке басылған Күлтегіннің бейнесінен туып отыр. Ақтөбелік ғалым Талғат Жұмағанбетовтің айтуынша, әйгілі қолбасшының бейнесін ақшаға басар алдында мамандар түркологтармен ақылдаспаған.
 
Нәтижесінде, банкноттағы бейне мүлде басқа адамға тиесілі болуы мүмкін. Алайда, оның пікіріне теңгенің дизайнын жасаушылар мен түрколог ғалымдардың айтар өз уәждері бар.
 
Талғат Жұмағанбетовтың айтуынша, банкнотта бейнеленген тастан жасалған мүсін түрік қағанатының әскери қолбасшысы Күлтегінге мүлде ұқсамайды. Ғалым, мұны елдігімізге сын болды, деп отыр.
 
Талғат Жұмағанбетов, түрколог-ғалым:
Мүсінде ешқандай сақал-мұрт жоқ. Суретшілер де көру керек қой, беті әйелдің беті. Ия әйел болғанда да, патша әйелдің беті. Көктүріктерде патша әйелді хатун деген. Бұл - Күлтегіннің хатуны.
 
Күлтегін бейнесі басылған 1000 теңгелік банкнот 2013 жылдың желтоқсанында айналымға шыққан еді. Оның дизайнын жасау кезінде басы-қасында болған жандардың бірі - түрколог ғалым Нәпіл Базылхан.  Ақшадағы сурет әйелдің бейнесі дегенге ол келіспейді.
 
Нәпіл Базылхан, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші қызметкері, түрколог:
Өзіңіз қараңыз, Ресей империясының ақ патшаның символы - екі басты бүркіт. Шыңғыс ханның қият бөрігінің тегі - ақ сұңқар. Алтын орданың хандарының бәрінде құс бейнеленген. Бұл - еркекті бейнелейтін, билікті ұстауының рәміздік белгісі. Ал «әйел» дегені - ол кісінің Түркі археологиясынан, Күлтегіннен хабарсыз екенін өзі дәлелдеп тұр.
 
Мырзатай Жолдасбеков - Күлтегін, Тоныкөк жазбаларының тұңғыш рет қазақ тіліндегі аудармасын жасаған ғалым. «Орхон ескерткіштерінің толық атласының» авторы. Күлтегіннің тарихын бір кісідей білетін жан.
 
Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым:
Мен айтайын шырағым, бізге Түркі қағанатынан жеткен ескерткіштің ешқайсысында да сала құлаш қаба сақал жоқ. Жоқ жерден дау іздеудің керегі жоқ. Жоқ сақалды қайдан іздеп отыр, Мынау енді кішкене ақша болғаннан кейін, дизайнер мұнда мүжілмеген қалпын келтірген болуы керек, ал негізі - Күлтегін.
 
Шынар Асанқызы, тілші:
Ұлттық теңгенің басынан дау арылмай-ақ қойды. 90-жылдары тарихи тұлғалар басылған ақшаны алғаш қолға ұстағанда да қарсы болғандар табылған. Кейіннен әріп қатесі шығып, тағы да шуладық. Енді, міне. Бірақ, айтылған мәселенің ақ-қарасын анықтауды уақыттың еншісіне қалдырайық.
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу