Өзбекстанда боксшылар жарысты сәтті бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда боксшылар жарысты сәтті бастады

02.05.2023

Қазақстандық боксшылар Өзбекстан астанасы Ташкенте өтіп жатқан әлем біріншілігін сәтті бастады. Қазірге дейін шаршы алаңға 4 спортшымыз шығып үлгерді. Бүгін 86 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалда қазақстандық Сағындық Тоғамбай Конго Республикасының өкілімен қолғап түйістірді. Отандасымыз екінші раундта қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді. Ал үшінші раунда техникалық нокаут тіркеліп, жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды. Осылайша, Сағындық 1/8 финалға жолдама алды. Сонымен бірге, кешкі сессияда Санатәлі Төлтаев рингке шықты. 63,5 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы израильдік қарсыласын төрешілер шешімімен жеңді. Ал, 60 келі салмақтағы Талғат Сырымбетов бірінші жекпе-жегін таиландтық боксшымен өткізген. Төрешілер шешімімен жеңіске жеткен ол келесі кезеңде иорданиялық спортшымен қолғап түйістіреді. Бұл Талғаттың бірінші әлем чемпионаты. Ал 92 келі салмақта өнер көрсеткен Айбек Оралбай болгариялық боксшымен жұдырықтасты. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті қазақстандық былғары қолғап шеберіне берді. Ол бірінші раундта қарсыласын нокдаунға түсірді. Айбек 1/16 финалда италиялық боксшымен кездеседі. Әлем чемпионатын «Қазспорт» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу