Бас прокуратура «Өзенмұнайгаз» компаниясы ойнататын тендерлердің заңдылығы мен қаржы құжаттарын тексереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас прокуратура «Өзенмұнайгаз» компаниясы ойнататын тендерлердің заңдылығы мен қаржы құжаттарын тексереді

30.04.2023

«Өзенмұнайгаз» компаниясы ойнататын тендерлердің заңдылығы мен қаржы құжаттарын Бас прокуратураның жұмыс тобы тексеретін болды. «Мердігер мекеме жұмысшылары осы мәселені жиі қозғап, еңбек жағдайының нашарлауы мен жалақының азаюын сонымен байланыстырады» делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта. Прокурорлар Жаңаөзен мен жалпы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына да талдау жасамақ.

Ал «Қазмұнайгаз» қызметкерлерінен құралған арнайы комиссия бір апталық жұмысын қорытындылап, Жаңаөзендегі мұнай-газ кәсіпорындарының жұмысынан 21 өрескел заң бұзушылық анықталғанын хабарлады. Кей заң бұзу фактілері бойынша тергеу жұмысы жүруі мүмкін, ал кейбірін дереу шешу үшін тапсырмалар берілді. Жұмыс тобы бір апта ішінде «Өзенмұнайгазға» қарасты 12 мекеме мен 6 мердігер компанияның қызметін тексерген. Жалпы 1 мыңнан астам мұнайшымен кездесу өтті. Олар өндіріске, техникамен жабдықтауға, әлеуметтік жағдай мен еңбек шарттарына қатысты 1600-ден астам мәселе көтерген.

Арнайы комиссия төрағасы Дәулетжан Хасановтың айтуынша, «Өзенмұнайгаз» компаниясында жұмыс орнына келмей еңбекақы алатын қызметкерлер бары да анықталды. Мәселен, ақтаулық бір айтыскер ақын алдымен теолог болып, кейін қоғаммен байланыс жөніндегі маман қызметін атқарыпты. «Өзенмұнайгаз» бас директоры Нұрдәулет Қилыбай «бұл олқылықтарды былтыр ішкі тексеріс кезінде өзіміз де анықтадық» дейді. Ал қазір жұмыссыздар тізімін электронды форматқа ауыстырғалы кезектен тыс жұмысқа орналасу тыйылғанын айтты.

«Өзенмұнайгаз» бен мердігер ұйымдардан кадрлық мәселелер мен еңбекақы төлеу кезіндегі заң бұзу фактілерінен бөлек, техникалық қауіпсіздік пен экология талаптарын сақтамау фактілері де анықталған.

Хабарламаларға жазылу