Премьер-Министр Әлихан Смайылов Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барды

27.04.2023

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Иран Ислам Республикасына ресми сапармен барды. Бірқатар лауазымды тұлғалармен кездесіп, маңызды келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде екі ел арасындағы ынтымақтастық күшейіп, сауда байланысы нығаймақ.

Премьер-Министрі Әлихан Смайылов алдымен Иран Ислам Республикасының Бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбермен келіссөздер жүргізді. Тараптар екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету, инвестиция тарту, жүк тасымалдау көлемін арттыру сынды мәселелерді талқылады. Премьер-Министр Иран – Қазақстанның Парсы шығанағындағы маңызды сауда-экономикалық серіктесі екенін алға тартып, тауар айналымы көлемін ұлғайтуға ынталы екенін жеткізді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Қазақстан қазірдің өзінде Иранға жалпы құны 250 млн доллар болатын 75 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын. Дәнді дақылдар сияқты дәстүрлі экспорттық тауарлардан басқа біз қазақстандық ұн өнімдерін, макарон, кондитерлік тауарларды, өсімдік майларын және басқа да мал өнімдерін сатып алуды қарастыруды ұсындық.
Жиындаекіжақты ведомствоаралық және коммерциялық құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Мохаммад Мохбер өз тарапынан Қазақстан мен Иран арасындағы экономиканың барлық салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары әлеуетін атап өтті. Атап айтқанда, ол өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың перспективасын сөз етті.

Мохаммад Мохбер, Иран Ислам Республикасының Бірінші вице-президенті:

Иран мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас әрқашан түсіністік жағдайында өрбіді. Саяси тұрғыда біздің қарым-қатынасымыз ең жоғары деңгейде. Сіздің сапарыңыз елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға серпін беретініне сенімдімін. Компаниялардың өзара іскерлік байланыстарын әрі қарай тереңдету үшін жеке секторды жандандыруымыз керек екені сөзсіз.
Премьер-Министр ресми сапар аясында Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисимен кездесті. Кездесу барысында сауда бағытындағы жұмысты күшейту мақсатында Қазақстанның Ирандағы арнайы сауда өкілін тағайындау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, тараптар өзара ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Серік Селеубайұлы

Хабарламаларға жазылу