Әлихан Смайылов Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раисимен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Смайылов Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раисимен кездесті

27.04.2023

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раисимен кездесті. Кездесу барысында сауда бағытындағы жұмысты күшейту мақсатында Қазақстанның Ирандағы арнайы сауда өкілін тағайындау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және шекара маңы ынтымақтастығын дамытудағы өзекті мәселелерді, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттағы ортақ бастамаларды жүзеге асыру жайын талқылады. Әлихан Смайылов ресми сапар аясында Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбермен келіссөздер жүргізді. Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар ведомствоаралық және коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

Қазақстан қазірдің өзінде Иранға жалпы құны 250 млн доллар болатын 75 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын. Дәнді дақылдар сияқты дәстүрлі экспорттық тауарлардан басқа біз қазақстандық ұн өнімдерін, макарон, кондитерлік тауарларды, өсімдік майларын және басқа да мал өнімдерін сатып алуды қарастыруды ұсындық.

Мохаммад Мохбер, Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті:

Иран мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас әрқашан түсіністік жағдайында өрбіді. Саяси тұрғыда біздің қарым-қатынасымыз ең жоғары деңгейде. Сіздің сапарыңыз елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға серпін беретініне сенімдімін. Компаниялардың өзара іскерлік байланыстарын әрі қарай тереңдету үшін жеке секторды жандандыруымыз керек екені сөзсіз.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу