Президент Чехия Премьер-Министрімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Чехия Премьер-Министрімен кездесті

24.04.2023

Мемлекет басшысы Чехия Премьер-министрі Петр Фиаламен кездесті. Ол Қазақстанға ресми сапармен алғаш рет келіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал етеріне сенім білдірді. Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақты, көлік-логистика саласын нығайту жайына баса мән берілді. Президент чех инвесторларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Өзара ынтымақты одан әрі дамытуға ниетті екенін Петр Фиала да растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіз елімізге үлкен бизнес-делегация алып келдіңіз. Екі ел арасындағы іскерлік байланыстар мен ынтымақтастықты ілгерілетуге пайдасы өте зор бизнес форум өтеді. Чехия Республикасынан энергетика, машина жасау, көлік, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина өнеркәсібі және фармацевтика секілді экономиканың түрлі салаларына құйылатын инвестицияны құптаймыз. Сондай-ақ елдеріміздің астаналары арасында тікелей әуе қатынасын ашамыз деп сенеміз.  

Петр Фиала, Чехия Республикасының Премьер-Министрі:

Чехия Республикасы Қазақстанмен бұрыннан достық қарым-қатынас орнатқан және оны жалғастырамыз деп сенеміз. Осы кездесуіміз белсенді байланыстарға тың серпін береді деп үміттенемін. Қазақстан – біз үшін өте маңызды серіктес. Қазақстан мен Чехия Республикасының ынтымақтастығы Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастардың аса маңызды тірегінің бірі саналады.

Әсима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу