Петропавлда көпірді жөндеуге жыл сайын қаржы бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда көпірді жөндеуге жыл сайын қаржы бөлінеді

24.04.2023

Петропавл орталығын Жұмысшы кентімен жалғайтын көпір араға жыл салмай тағы да жөнделмек.

Нысан 2021-2022 жылдары қалпына келтірілген болатын. Бұл мақсатқа қала қазынасынан 21 млн теңге жұмсалған еді. Жамап-жасқалғанымен деформациялық тігісте пайда болған жарық жыл сайын сыр береді.

Әділбек Сүлейменов, қала тұрғыны:

Жаңа ғана сол жолмен жүрдім. Жап-жаман, шынын айтқанда. Көлік быт-шыт болып жатыр. Бір рет істеп, сол дұрыстап істеп берсе. Және соны тексеріп қарайтын комиссия керек.

Қала тұрғындары көпірдің жиі жабылатынына наразылық білдірді. Өйткені нысан 2014 жылы 570 млн теңгеге бастан-аяқ жөнделген еді. Алайда араға небәрі 7 жыл салып, қайта бүліне бастады. Содан бері қала әкімдігі көпірді жөндеу жұмыстарына жыл сайын қаржы бөледі.

Әділбек Әубәкіров, қала әкімінің орынбасары:

Көпір 1961 жылы салынған. Көлік көп жүреді. Сондықтан тез тозады. Оның жағдайын техникалық зерттеуге 15 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, 100 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Оған жаяу жүргіншілерге арналған баспалдақ салып, көпірдің қоршауын жаңалаймыз.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу