Түркістан облысында кәріз суы егістіктерге жайылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында кәріз суы егістіктерге жайылып жатыр

18.04.2023

Түркістан облысының Қарабұлақ ауылында жұрт кәріз суы жиналған жасанды көлден мезі болып отыр. Себебі ашық-шашық жатқан қалдық судың иісі қолқаны қабады. Сорақысы сол, жергілікті кәсіпкерлер кәріз суына малдың қанын құйған. Қазір шұңқырлардың ернеуіне сыймаған қанды су жан жағына тасып, айналаға жайылып жатыр.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Қарабұлақ ауылының іргесінде малдың қаны құйылатын және шайынды сулар жиналатын осындай 8 жасанды көл бар. Жергілікті халық бұл сулардың мал соятын орындар мен ауруханалардан, түрлі мекемелер мен көпқабатты үйлерден жиналатынын айтады. Ал, бұл жерден аққан су егістік алқаптарға жайылса, қолқаны қабатын иіс бүкіл ауылға тарайды.

Тұрғындардың айтуынша, сарқынды су жиналған бұл орынның қызыл түске боялғанына кемі бес жылдай болыпты. Ал арнасынан асқан көл суы егіс алқабына қарай ағып жатыр. Қан аралас сумен осы аумақтағы егістік алқаптар суарылады. Одан бөлек жайылып жүрген мал да ішеді.

Шухрат Рахманқұлов, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

 Ана жерге барып бұлаққа су сіңіп жатыр, екінші бұлақтан қып-қызыл су шығып жатыр. Ауылдың суына ауызсуға барып қосылып жатыр.

Жел тұрса мына сасық көлден демалу мүмкін емес. Мұндағы жұрт қалдық судан денсаулыққа зиян келе ме деп алаңдайды. Ал қан суымен суарылған көкөністер жан-жаққа саудаланып жатыр. Ауыл азаматтарының айтуынша, бұл мәселеден жергілікті билік хабардар. Бірақ олардан қайыр жоқ.

Артық Халжалилов, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

Адам өміріне қауіпті екенін біледі. Біз қанша айтсақ, қанша көрсетсек біреуі бір нәтиже жоқ. Бұл жерде защитный зонасы болуы керек.

Ауданның коммуналдық салаға жауапты мамандары болса бұл қандарды мал соятын тұрғындар өздері түнделетіп төгіп кетеді деп отыр. Бірқатарына полиция айыппұл салғанымен әзірге тоқтам болмай тұр.

Баймырза Бейсенбаев, Сайрам аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Қанды әкеліп төгеді. Ол кәдімгі ыстық қан. Ол жерге төккеннен кейін кәдімгі целлофан кленка сияқты қалып қалады жердің астына. Содан жердің астына су сіңбейді.

Ал өңірдің экологтары тұрғындардан арыз шағым түспеді деп ақталды. Онсыз тексеруге құқымыз жоқ дегенді айтады.

Қазыбай Шора, Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің бас маманы:

Мәселе бойынша толықтай арыз-шағымдар түскен жағдайда біз өз тарапымыздан тексеру жұмыстарын жүргізе аламыз. Және де оның жұмысын сотқа беріп тоқтатуға дейін бара аламыз.

Қалай болғанда да бұл мәселенің нақты қашан шешілетінін ешкім дөп баса айта алмай отыр. Себебі кәріз суы құйылатын орынды көшіруге қаражат та, мүмкіндік те жоқ дейді мамандар. Ал сарқынды суларды сүзгіден өткізетін орталық салуға 850 млн теңгеге жуық ақша бөлінгенімен, ол орталықтың жұмысы әлі іске қосылмапты.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу