Жамбыл облысында кәріз суы ауыл ішіне ағып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында кәріз суы ауыл ішіне ағып жатыр

03.04.2023

Жамбыл облысында жұқпалы аурулар аурухананың кәріз суы ауыл ішіне ағып жатыр. Сарқынды су елдің егістігіне де жайылған. Жағымсыз иістен мезі болған жұрт жазға қарай жұқпалы ауру тарауы мүмкін деп алаңдап отыр. Сарқынды су Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында бұлақ секілді ағып жатыр. Салдарынан үйлердің ауласы мен көшелер көлшікке айналған. Жұрт үйіміз үйіндіге айнала ма деп үрейленеді.

Шарипа Қойкешова, ауыл тұрғыны:

Аудандық аурухана қосылған, сосын емхана қосылған мына инфекционный бөлімшесі қосылған. Ертең шыбын шіркей шығады. Ол адамды шағады. Содан жұқпалы аурулар тарайды.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Қауіпті кәріз суынан ауылда ауру шығып, дерт дендейді деп дабыл қақан ел әкімдік әрекетсіз дейді. Үш жыл бойы жарылған құбырды жамаумен ғана амалдайды екен. Ал аяқ астына жайылған мына аурухана суы елді мекеннен бөлек егістікке де жайылып жатыр.

Ауыл әкімі сасық су елдіменді басып қалмас үшін, амалсыз егістікке жіберіп жатқанын жасырмады. Мұндағы құбырлардың қайта-қайта жарылуын тұрғындардың қоқыс тастағанынан көреді.

Бауыржан Қалшынбетов, ауыл әкімі:

Қайталанып тұратын нәрсе ғой. Біз бір айдан бергі причинасын таппай жатырмыз. Ішінен шығып жатқан заттардың бәрін айту бізге ұят. Оның барлығы тұрғындардың, осы жерден түсіп жатқан тірлік қой.

Ауылда кәріз жүйесі он жыл бұрын салынған. Бірақ сарқынды суды тазалайтын сорғы үш жылдан бері істемейді.

Болысбек Оразов, «Аса-Су» КММ директоры:

Басшылармен ақылдасып, бөлім басшыларымен ақылдасып, осы алдағы сессияда ақша қойылады. Конкурс ойнатылады. Сол кезде түбегейлі шешіледі. Оған дейін біз ары қарай апармаймыз, жұмыс жасап жатырмыз.

Жауаптылар жаз шықпай су тазалау станциясы жөнделеді деп сендірді. Ал бүлінген дүние бүтінделгенше аурухананың суын алқаптарға ағыза тұрмақ.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу