Қызылорда облысында биыл жаңа мектептер мен медициналық орталықтар салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында биыл жаңа мектептер мен медициналық орталықтар салынады

17.04.2023

Қызылорда облысында биыл 10 мектеп пен 16 медициналық нысанның құрылысы басталады. Аймаққа жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов өңірдегі білім мен денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысымен танысты. Сондай-ақ жастармен кездесіп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Облыста бүгінде 6 апатты мектеп бар. Соның үшеуі Шиелі ауданында. Алтай Көлгінов ауылдық елді мекендердегі ескі білім ордаларын аралап, мәселені көзбен көрді. Бүгінде жергілікті әкімдік тарапынан жаңа мектеп салуға тиісті құжаттар әзірленіп, республикалық бюджетке ұсынылған.

Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Білім нысаны ең алғашқы өзекті мәселе ғой. Апатты жағдайдағы мектептерді өзіміз көруге келдік. Жаңа мектеп салу жоспар бар. Жобалық құжаттардың барлығын әкімдік дайындаған екен. Біз республикалық бюджеттен көмектесудеміз, жоспарға қосамыз.

Сондай-ақ Шиелі аудандық ауруханасының да материалдық-техникалық базасы ескірген. Дәрігерлер Үкімет басшысының орынбасарына емдеу орындарын заманауи қондырғылармен жабдықтау мәселесіне назар аударуды сұрады. Жалпы ауыл халқына сапалы медициналық көмек көрсету бағытында аймақта ауқымды жоба қолға алынып отыр.

Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Ауылдық елді мекендегі бастапқы медициналық ұйымдар, дәрігерлік амбулатория, медпункт, акушелрік бекетті жанарту мәселесі. Соған біздің облысымызда 27 нысан қаралған. Биыл 16-сы, яғни 15 дәрігерлік амбулатория мен 1 медициналық бекет, ал келесі жылы қалғаны жаңартылады.

Сапар барысында Алтай Көлгінов арнайы жастар ресурстық орталығына барды. Еркін форматта өткен кездесуде биыл мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған бағдарламаларды кеңінен түсіндірді. Және жас кәсіпкерлерге берілетін 2,5 пайыздық несиеден қалыс қалмай, жастарды бизнеске бетбұруға шақырды.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу