Ел аумағында жылыту маусымы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел аумағында жылыту маусымы аяқталды

15.04.2023

Елде бесқонақ келіп, алай-дүлей боп жатқан кезде жылыту маусымы да аяқталды. Өткен қыс Екібастұз, Риддер, Рудный халқына оңай соқпады. Сарышұнақ аязды жылусыз, тіпті сусыз өткізді. Жылыту маусымына сақадай саймыз деген шенділер есебі артынша теріс нәтижесін көрсетті. Ел келесі жылыту маусымына дайын ба? Қателіктің қайталанбасына кім кепіл? Тілші тарқатып айтады.

27 қараша. Екібастұздағы жылу электр орталығындағы төрт қазандық істен шығып, тұрғындар жылусыз қалды. Токпен істейтін жылыту құрылғылары да тоңған халықты жылыта алмады. Жұрт жуынбақ түгілі, ішетін суға зәру болды. Бәріне себеп: жылу электр орталығының ескіруі мен жауапты басшылардың немқұрайлылығы. Мұндағы жылу магистральді құбырларының 70 пайызы тозған. «Екібастұзэнерго» және Екібастұз жылу желілері кәсіпорыны басшылары қылмыстық іс бойынша тергеліп жатыр. Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетоватың айтуынша, мұндай төтенше жағдайдың қайталанбауына ешкім кепілдік бермейді.

Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

Өкінішке қарай, кепілдік бере алмаймын. Былтыр дәл осы мерзімде Петропавлда труба құлағанын білесіз. Сол кезде де айтқан болатынбыз. Қазір жөндеу жұмыстарының жоспары жасалып жатыр, тиісті жөндеу жасайтын мекемелер шақырылады.

Екібастұздағы жылу желілерінің 50 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылды. Жылу электр орталығының негізгі жабдықтарының бір бөлігі де әкімдік балансына өтті. Жылыту маусымында бірнеше рет 22 мыңнан астам абоненті жылусыз қалдырған Риддердегі орталықты да демонополизациялау керек, дейді облыс әкімі.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Өкінішке қарай, жаңа қожайындар жөндеу, жаңғырту және 3,3 миллиард сомаға қарызды өтеу үшін ештеңе істеп жатқан жоқ. Станция біздің бақылауымызда, ал біз заңнамалық салада әрекет етіп, оны коммуналдық меншікке беру алгоритмін жүзеге асырып жатырмыз.

Төтенше жағдай Рудный қаласында да жарияланды. Бұған қаладағы инженерлік желілердің әбден тозуы салдарынан жылу, су, кәріз құбырларының биыл жиі жарылуы себеп болды. Қыс түскелі мұнда жылу мен су құбыры 3 рет жарылып, ондаған тұрғын үй мен бизнес нысандары тәуліктеп жылусыз қалған еді.

Жылу орталықтарына бақылау күшейеді. Жоспардан тыс тексеру жүргізуге рұқсат берілмек. Үкімет қазірден бастап келер маусымға әзірлікті бастап кетті. Енді тозығы жеткен нысандар жөнделмесе, мемлекетке қайтарылады. Ал, Қазақстанның Еңбек сіңірген энергетигі жағдайды реттеу үшін жылу орталықтарын бір ведомствоға өткізу керек, дейді.

Жақып Қайрушев, ҚР Еңбек сіңірген энергетигі:

Қазақстандағы 37 жылу орталығының 60-70 пайызында жағдай күрделі. Оның 19-да қанағаттанарлық емес. Қалғаны да бұрынырақта салынған, ескі станциялар. Жаңартылуы керек орталықтардың көшін Арқалықтағы кәсіпорын бастайды. Сосын Оралдағы жалғыз жылу беретін орталықта да қауіп жоғары. 90-ға дерлігі тозған, онда 300 мыңнан аса халық тұрады.

Жылу орталықтарының барлығы өткен ғасырда пайдалануға берілген. Ең жаңасы 1981 жылы Шымкентте салынған. Әрқайсының 90 пайызы тозып, әрең тұр. Жөндеу жүргізілмесе, кез келген уақытта істен шығуы мүмкін. Үкімет биыл осы бағытқа 69 миллиард теңге бөлмек.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу