Биыл Қарағанды облысының Шет ауданында жаңа дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік пунктер салына бастайды. Себебі қазіргі медициналық нысандар әбден ескірген. Кейбір ғимараттар жарты ғасыр бұрын пайдалануға берілген. Қызылқой ауылының тұрғыны Гүлбаршын Қыздарбекова қант диабетімен екі жылдан бері есепте тұр. Оған тұрақты түрде дәрігерге қаралып, ем қабылдап тұруы қажет. Бірақ ауылдағы медициналық пункте бұл қызметтер көрсетлімейді. Сондықтан ол 50 шақырым жердегі аудан орталығына барып емделеді.
Гүлбаршын Қаздарбекова, Қызылқой ауылының тұрғыны:
Ауруханада жатқанда ем алып денсаулығымыз түзеліп, жақсы болып қалдық. Соған байланысты енді апта сайын өзіміздің тұрғылықты жерден алып тұрсақ жақсы болар еді. Соған байланыста медпунктіміз жаңадан жабдықталып, үлкейтіліп салынып, жаңа талаптарға сай болса екен дейміз.
Ауылдағы медициналық пункт 50 жыл бұрын салынған ескі үй ғимаратында орналасқан. Гүлнар Түсіпбай осында 38 жыл бойы мейірбике болып жұмыс істейді. Ол көп жағдайда тұрғындарға көмек көрсетуге жәрдемсіз екенін жасырмайды.
Гүлнар Түсіпбай, Қызылқой ауылдық медициналық пункт мейірбикесі:
Су тасымалдаймыз, от жағамыз. Бізге жаңадан талапқа сай келетін ғимарат салынса екен деп ойлаймын. Менен басқа осында медбике бар. Ол кісі медбикенің де, күзетшінің де, от жағып отырушының де қызметін атқарады.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Респулика бойынша 600 нысан салу көзделген. Соның 92 кеншілер өңіріне тиесілі. Ең көбі, яғни 21 медициналық мекеме Шет ауданында бой көтереді.
Алпыс Аманжолов, Шет ауданының бас дәрігері:
Оның ішінде 11 фельдшерлік-акушерлік пункт және 10 медициналық пункт салынатын болады. Бұл салынатын нысандарға бүгінгі таңда республикалық бюджеттен қаражат қарастырылды. Жергілікті елді мекендерде жер телімдері анықталып, олардың техникалық шарттары бүгінгі күнде дайындалды.
Медициналық нысандар бой көтеретін ауылдардың қатарына Қызылқой ауылы да кіріпті. Жаңа ғимараттар талапқа сай. Ішінде физиотерапия, басқа да ем-шара қызметтері көрсетіледі дейді мамандар.
Руслан Нұрланұлы