Талдықорғандықтар жақсы жол мен жарыққа зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғандықтар жақсы жол мен жарыққа зәру

11.04.2023

Талдықорған қаласының 3-бөлімше тұрғындары жақсы жол мен электр қуатына зәру. Облыс орталығының шағын ауданында тұратын жұрт өркениеттің қызығын 10 жылға жуық көре алмай келеді. Көшелерде жол нашар болғандықтан қоғамдық көлік те шағын ауданды сырт айналып кетеді. Ал электр желілерін тұрғындар өз күшімен тартуға мәжбүр болған. Құзырлы органдарға қанша шағым айтсақ да ешкім құлақ аспайды дейді.

Айнұр Дәулетханқызы, қала тұрғыны:

Бізде жол нашар. Жол жаман. Жолды жаса деп халық қаншама дүрлікті. Қаншама айқайлап, басшылыққа да, әкімшілікке де айтты. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды.

Ал жергілікті биліктің айтуынша, бұл мәселелер көп ұзамай шешіледі. Көшелерді жөндеуге қаржы қарастырылып жатқаны айтылды. Ал электр желілері мен көшелерді жарықтандыру үшін 700 жарық бағанасы қойылмақ. 20 көшеге асфальт төселіп, жаяу жүргіншілерге де арнайы жол қарастырылмақ.

Диас Ахметқалиев, қала әкімінің орынбасары:

Жол мәселесі бойынша сараптама бітті. Оған 20 көше мен 15 шақырым жол кірді. Сондай-ақ, жобада жаяу жүргіншілер жолақтары да қарастырылған. Барлық көшенің ішіне асфальт төселетін болады. Екінші мәселелері көтеріп жатқан – элетржарығы, көше шамы. Ол бойынша да қазір жоба-сметалық құжаттама бітіп, сараптамаға кірді. Ол енді маусым айының басы деп отырмыз.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу