Ұлттық банк базалық мөлшермелені бұл жолы да өзгерткен жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк базалық мөлшермелені бұл жолы да өзгерткен жоқ

07.04.2023

Ұлттық банк базалық мөлшермелені өзгертпей бұл жолы да 16,75% деңгейінде қалдырды. Қаржы институтының мұндай шешіміне халықтың инфляциялық күтулері мен экономикадағы факторлар әсер еткен. Орталық банк төрағасы жанар-жағармай бағасының қымбаттауынан болатын алдағы өзгерістерді де мұқият бақылайтынын жеткізді.

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде қалдырды. Ақша-кредит саясаты комитетінің бұл шешіміне инфляция қаупінің сақталуы себеп болған. Баға өсімінің қарқыны наурызда баяулағанымен, айлық көрсеткіш әлі де нормадан жоғары дейді орталық банк төрағасы.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы мен фискалдық қағидаларды уақытша ұстанбау да проинфляциялық факторларды күшейтеді. Осыған байланысты Ұлттық Банк бұған дейін айтылған ұстанымына сәйкес, инфляциялық процестердің бәсеңдеуін қолдау мақсатында базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады.

Инфляция қарқынына ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді. Сыртқы себептерге әріптес елдердегі инфляцияның деңгейі мен сыртқы инфляциялық қысымдар жатады. Ішкі себептерден азық-түлік бағасын ерекше атап өтуге болады. Төраға жанар-жағармай бағасының өсуі бірталай тауар мен қызмет құнын қымбаттатады дейді.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Тікелей инфляцияға тигізіп отырған септігіне біз өзіміздің ақша-кредит саясатымызбен әсер етпеуге тырысамыз. Бірақ қосымша, жанама септеріне біз өте мұқият қарап, инфляциялық күтулердің деңгейіне мұқият қарап, керек болса өзіміздің ақша-кредит саясатымызбен әсер етуге тырысамыз.

Ұлттық банктің ендігі шешімі мамыр айында жарияланатын жаңартылған болжамға байланысты болады. Оған жанар-жағармай нарығы мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығындағы реформалар әсер етеді.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу