Базалық мөлшерлеме 16%-ға көтеріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Базалық мөлшерлеме 16%-ға көтеріледі

26.10.2022

Базалық мөлшерлеме 16 пайызға дейін көтерілетін болды. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, бұл елдегі инфляциямен күресу үшін қабылданған шешім. Себебі инфляцияға қатысты тамыз айында жасалған болжам бүгінде мүлдем басқаша қалыптасып отыр. Бағаның өсу қарқыны артты. Ұлттық банк осылайша теңгенің құнсыздануына жол бермей, қымбатшылықты тоқтатқысы келеді.

Базалық мөлшерлеменің көтерілу себебін түсіндіру үшін Ұлттық банк төрағасы арнайы брифинг өткізді. Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, бұған инфляцияның тез және тұрақты өсуі себеп. Ал теңгенің құнсыздануына сыртқы инфляцияның жоғары болуы, тауар жеткізу жолдарының бұзылуы, Ресей валютасының тұрақсыздығы, өндіріс шығындарының көбеюі әсер еткен.

Ғалымжан Пірматов, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы:

Инфляцияның тұрақты өсуінің айқын белгілері байқалуда. Мұндай жағдайда оның қарқынды өсуі ұзаққа созылуы ықтимал. Осының бәрі ақша-кредит талаптарын қатаңдатуға бағытталған шешуші шараларды қабылдауды қажет етеді.

Қыркүйек айында жылдық инфляция 17,7% құрады. Бұдан алдын ала жасалған болжамдық көрсеткіштердің айтарлықтай ауытқығанын байқауға болады. Ұлттық банк инфляцияны базалық мөлшерлемені көтеру арқылы тежемек. Бұл әдіс экономика субъектілерінің жинақтау белсенділігіне қолдау көрсетіп, ішкі валюта нарығына әсер етеді. Бұл бірден емес, 1-2 жыл ішінде жемісін беретін шара. Бірақ, базалық мөлшерлеменің өзгеруі қарапайым қазақстандықтардың несие шарттарына әсер етпейді.

Ғалымжан Пірматов, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы:

Жылдың басынан бері базалық мөлшерлемені көтеріп келе жатырмыз. Алайда жеке тұлғаларға берілетін несиенің орташа пайызы сол күйінде қалып отыр. Өйткені олар бұрын да базалық мөлшерлемеден жоғары болып қалыптасқан.

Бірақ бизнеске берілетін қарыздардың пайызы осы өзгерістерге тікелей байланысты. Алайда, соған қарамастан жыл басынан бері заңды тұлғаларға берілген несие көлемі де, саны да көбейген. Яғни кәсіп иелеріне бұл кедергі емес.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу