Қазақстан мен Франция арасында байланыс жанданады. Мемлекет басшысы Франция президентінің арнаулы өкілі Изабель Дюмонды қабылдады. Тараптар екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Арнаулы өкіл Президентінің хатын табыс етті. Франция - Қазақстанның Еуропадағы басты саяси және экономикалық серіктестерінің бірі. Мемлекет басшысы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына жоғары баға берді. Әрі бұл сапар экономикалық және саяси ынтымаққа тың серпін береріне сенім білдірді. Екі ел арасында іске асыруды қажет ететін көптеген уағдаластық бар. Қазақстанда француз капиталының үлесі бар 170 кәсіпорын мен жетекші француз компаниялары қызмет етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өткен жылы 29 қарашада Франция Президентімен өткен кездесуден үлкен әсер алдым. Біз екі сағаттан астам уақыт бетпе-бет форматында екіжақты қатынастар мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде әңгімелестік. Сондай-ақ халықаралық аренада қалыптасқан ахуал туралы пікір алмастық. Франция – Қазақстанның жетекші саяси және экономикалық серіктестерінің бірі. Біз екі ел арасындағы ынтымақтастықты, сіздің еліңіздің халықаралық аренадағы рөлін және Францияның экономикалық әлеуетін жоғары бағалаймыз. Сіздің еліңіз 2008 жылғы маусымда Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің арасында бірінші болып Қазақстанмен стратегиялық серіктестік туралы шартқа қол қойды. Биыл біз осы маңызды құжаттың он бес жылдығын атап өтеміз. Елдеріміз арасында барлық деңгейде белсенді және сенімді саяси диалог орнағанын тағы да атап өткім келеді.
Изабель Дюмон, Франция Президентінің арнаулы өкілі:
Сізге Президентімнің сәлемін жеткізгім келеді. Былтыр қараша айының соңында Париждегі кездесуіңіз туралы оның өте жақсы пікірде екенін білемін. Бұл – біз үшін өте маңызды сәт және Сізден аймақта не болып жатқаны туралы көзқарасыңызды есту маңызды. Сіздің сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін берді. Біз бұл ынтымақтастықты стратегиялық серіктестігіміз негізінде жалғастырғымыз келеді. Бұл біз үшін де өте маңызды.
Асима Нұрбайқызы