Астанада 26 мың оқушыға орын тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада 26 мың оқушыға орын тапшы

05.04.2023

Астанада мектеп тапшы. 26 мың оқушыға орын жоқ. Сәуірден бастап оқушыларды тіркеу басталды. Бірақ, алғашқы үш күннің өзінде біраз білім мекемелерінде орын қалмаған. Бірінші сыныпқа баруы тиіс балалардың көбі тұрғылықты мекен-жайы бойынша мектепке ілінбей қалды. Ата-аналар енді қайтпек? Асима Нұрбайқызы зерттеп көрді.

Бұл – мектептен орын ала алмаған ата-аналар. Іргесінде білім ошағы тұр, бірақ, баласын іліктіре алмады.

Гүлжан Қонысбаева, қала тұрғыны:

Кеше мүлдем кіре алмай қойдық сайтқа. Басқа мектеп жоқ біздің районда, бір-ақ мектеп, бізде Бином-ақ, менің үйім 5-ақ қадам тұрады.

Бар гәп – электронды портал мен орын тапшылығы. Сәуір басталғалы сергелдеңге түсірді. Бастапқыда сайт мүлдем ашылмады. Кейін іске қосылған алғашқы минуттардың өзінде қайта жабылған. Өйткені, орын санаулы, бала көп.

Арайлым Мағзұмова, Бином мектептер желісінің академиялық директоры:

Хакерлік атакалар басталған. Ол 9:19 кеткенше жан-жақтан Қазақстан бойынша бірнеше мың боттар жіберілген. Бұл жерде хакерлік атака жасалып, процесті бұзу үшін. Мөлтек ауданда емес бойынша кісілердің өтінім беру үшін жасалған адамдардың әрекеті деп білеміз. Өзі 200 орын болатын болса, минутына 20-25 орын болған.

Мектепке балаларды білім ошағының маңындағы ғана емес, кез-келген ауданнан да алуға болады. Оқу ағарту министрінің осындай бұйрығы бар екен. Салдарынан, көбі үйінің іргесіндегі мектептен қағылып отыр.

Асангелді Қыстаубай, қала тұрғыны:

Неге ол анау қаланың екінші жағына оқытады? Бұл мектепте бәленбай жақтан келіп оқиды. Неге оны тоқтатпаймыз?

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Бұл Елорданың сол жағалауы. Қаланың қақ ортасы. Дәл біз тұрған мына жер қала ішіндегі қала іспетті. Биік үйлер көп, бірақ мектеп жоқ. Арнайы жоғарыдан көрсетіп жатырмыз, маңайында бірде-бір білім ошағын таппайсыз. Ал мұнда жүздеген бала биыл мектепке баруы керек.

Қазіргі қала құрылысының келбеті осы. Биыл Елордада 26 мың балаға мектепте орын жетпейді. 8 мектеп үш ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Тағы 18-нде бала саны шамадан тыс көп.

Әлия Мақышева, мектеп директоры:

Біздің ықшам ауданда 19 мың оқушы тұрады. Мектеп 4000 оқушы қабылдаймыз. Енді 275 оқушы. Енді мектеп тапшылығынан болып тұрған проблема ғой.

Қалай дегенмен, бірде-бір бала мектепсіз қалмайды. Бәрі қамтылады деп сендірді білім басшылығы.

Асыл Аманкелдиева, Астана қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы:

Оқушыларды біліммен қамтуға міндеттіміз. Мектепке сыймай қалды. Балалар оқусыз қалып қалады деген түсінік жоқ. Епгер де бір мектеп шамадан тыс асып жатса, аудандағы мектеп бар. Солай енді балалардың бәрін біліммен қамтуға жағдай жасап жатырмыз.

Биыл жаңадан салынған 13 мектеп пайдалануға беріледі. Ол да мәселені толық шешпейді. Сондықтан көп бала екі ауысыммен, басқа ауданға қатынап оқуға тура келеді.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу