Елордада көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіне кәріз суы ағып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіне кәріз суы ағып жатыр

18.06.2021

Жертөлемізден су кетіп, үйіміз тұруға жарамсыз болып барады. Нұр-Сұлтан қаласының сол жақ жағалауындағы 500 пәтері бар тұрғын үй кешенінің халқы арнамызға осылай деп шағымданды. Пайдалануға 2017 жылы берілген кешеннің ең төменгі қабаты қазір мүлде жарамсыз болып қалған. Тілшіміз Оңғар Алпысбайұлы арнайы барып, Қаратау тұрғын үй кешенінің жағдайын көріп қайтты.

Алаңда алаңсыз ойнаған балалар. Бір қарағанда проблемасы бар үй деп айтуға қимайсың. Бірақ сырты бүтін, іші түтін...

Екі қабатты автотұрақ жер астында орналасқан. Әуелде жауынды күндері, көктем, күз мезгілдерінде қабырғадан су кіретін болған. Апта бұрын қолқаны қабатын кәріз суы толассыз құйыла бастаған. Тұрғындар тіпті үйде гидро-оқшаулау қабаты жоқ па деп күмәнданады.

Оңғар Алпысбайұлы тілші: 
Мына жердегі су автотұраққа қарай өтпесін деп тұрғындап қаптарға құм салып әкеліп қойған. Су тасқыны кезінде пайдаланылатын тәсіл ғой. Ал суды тоқтату мүмкін болмай тұр. Көрсеңіздер міне шүмектен аққан сияқты сарылдап жатыр.

Төменгі қабаттағы су тобықтан асады. Қызмет көрсетуші компания үш жерге құрылғы орнатып, сорғызып жатыр. Бірақ нәтиже жоқ.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші: 
Бұл жерде кемінде 200 автокөлік қоятын орын бар. Дегенмен олардың біреуі де сатылмаған. Яғни құрылыс аяқтала сала бұл жер пайдалануға жарамсыз. Автотұрақ деп айтудың өзі қиын бұл жерді. Себебі айналамыз құдды бір қорқынышты фильм түсіретін алаңға ұқсайды.

Тұрғындар бармаған жер, баспаған тауымыз жоқ дейді. Мекемелердің бірі де мардымды жауап қайтара алмаған.

Шақырту бойынша келгендер де қолымыздан келер қайран жоқ деп қысқа қайыратын көрінеді.

Кәріз суының кері ағуының себебін анықтау үшін сараптама жасау қажет. Оны тұрғындардың қалтасы көтермейді. Ал мемлекеттік мекемелердің бірі де құлық танытпай отыр.

Ал, мәселені реттеуге болатынына күмәнданған тұрғындар баспаналарын жаппай сатып жатыр. Қазір 500 пәтердің 100-ге жуығы жарнамада тұр.

Гүлнар Шерімбетова, қала тұрғыны: 
Біз бірінші мамырда  көшіп келген едік. Квартираны алған кезде сатушы бірден 5 миллионға түсті. Біз қуанып ол үйді сатып алдық. Кейін көшкеннен кейін осындай проблема бар екенін мүлдем күтпеген едік.

Тұрғындар мәселе шешімін тапқанша әкімдікке және өзге де мемлекеттік органдарға арызымызды жаудырамыз деп отыр. Біз де бұл үйдің жағдайын назарда ұстаймыз.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу