Осы аптада Зеленский 48 сағат бойы пойызбен елді аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Зеленский 48 сағат бойы пойызбен елді аралады

02.04.2023

Осы аптада қызу талқыланып жатқан жаңалықтардың бірі - Ресейдің Беларусь аумағына тактикалық ядролық қару орнату туралы шешімі. Бұл мәселе БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде көтерілді. Ал Беларусь президенті Александр Лукашкено болса, Украинадағы ұрыс қимылдарын тоқтатып, бітімге келуге шақырды. Алайда Киев Ресей басып алған жерлерін босатпайынша, атысты тоқтатуға келіспейтінін мәлімдеді. 

Осы аптада Украина президенті 48 сағат бойы пойызбен елді аралады. Зеленскийдің сондағы мақсаты - қиын-қыстау кезеңде сарбаздарға, халыққа қолдау көрсету.

Екі жақ та ұзақ шайқасқа дайындалып жатыр. Украинада соғысып жатқан Ресей күштеріне қосымша оқ-дәрі қоры жеткізіледі. Мұны осы елдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу мәлімдеді.

Сергей Шойгу, Ресей қорғаныс министрі:

Әскерді қару-жарақпен қамтамасыз ету үкімет пен қорғаныс министрлігінің жіті бақылауында. Қажетті оқ-дәрі көлемі анықталды. Сонымен бірге әдеттегі және жоғары дәлдікпен ататын қару-жарақ, оқ-дәрі өндірісі артты.

Кремль жұма күні сыртқы саясатқа қатысты жаңа тұжырымдаманы бекітті. 42 беттен тұратын құжатта Ресейдің әлемге деген көзқарасындағы өзгерістер, оның ішінде Батыспен қарым-қатынастың шиеленісуі туралы айтылған.

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:

Біз Ресейге немесе оның одақтастарына қарсы қарулы шабуылға тойтарыс беру немесе оны болдырмау үшін әскери күш қолдану туралы тезисті енгіздік. Осылайша біз Ресей халқының өмір сүру және еркін даму құқығын қорғайтынымызды анық айтамыз.

Осы аптада Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі Ресей президенті Владимир Путиннің Беларусь аумағына тактикалық ядролық қару орнату туралы шешіміне қатысты бас қосты.

Идзуми Накамицу, БҰҰ-ның Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы комиссары:

Қазір ядролық қаруды қолдану қаупі қырғи-қабақ соғыстан кейінгі кез-келген кезеңнен де жоғары.

Жиында АҚШ өкілі Путиннің «қауіпті және тұрақсыздыққа әкелетін әрекетін сынға алса, Ресей дипломаты бұл шешім қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданды» деп мәлімдеді. Айта кететін жайт - осы аптадан бастап Ресей БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне 1 ай бойы төрағалық етеді.

Василий Небензя, Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

Президент Ресей Федерациясы мен Беларусьтің қауіпсіздігі үшін осы шараларды жариялады. Бұл шешім Зеленский режимі мен батыстық демеушілерді қатты қорқытты.

Рейтердің хабарлауынша, Беларусь президенті Александр Лукашенко қажет болса Ресей ел аумағына құрлықаралық ядролық зымыран орната алатынын мәлімдеген. Бұған қоса ол Украинадағы ұрысты тоқтатуға, бітімге келуге шақырды. Алайда, оның бұл ұсынысы Киев тарапынан қолдау тапқан жоқ.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Соғыстың бітуін құрметті елдердің өкілдері отыратын үлкен үстел басында атап өтеміз. Ресей біздің жерден барлық әскерін шығарғанда ғана дипломатиялық келіссөз басталады. Оларды өзіміз күшпен қуып шықсақ,, ондай адамдармен сөйлесетін ештеңе қалмайды.

Киевтің одақтастары қолдауды күшейтіп жатыр. Халықаралық валюта қоры сенбіде Украинаға 15,6 миллиард доллар несие беруді мақұлдады. Ол елдің шұғыл қажеттіліктерін өтеуге, тұрақтылықты сақтау мен Украинадағы еуро-интеграциялық процестерді қаржылай қолдауға жұмсалмақ. Ал, АҚШ Киевке 2,6 миллиард доллардың әскери жәрдемін беруге әзірленіп жатыр. Бұл пакетке снарядтар, радарлар, танкіге қарсы зымырандар мен зениталық қондырғылар кіреді.

Арай Төлеген

Хабарламаларға жазылу