Түркияда 48 сағаттық коменданттық сағат жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда 48 сағаттық коменданттық сағат жарияланды

17.04.2020

Түркияда алдағы сенбі-жексенбі күндері бүкіл ел аумағында коменданттық сағат жарияланды. Бұл қадам күннің жылынуына байланысты халықтың демалыс күндері саябақтар мен көшелерге қыдырып шығуына шектеу қою мақсатында жасалып отырғанын айтады ел билігі. 

Түркияда да вируспен күрес жан-жақты, толассыз жүріп жатыр. Бұл коменданттық сағат аурухана, дәріхана мен наубайхана сияқты аса қажетті жұмыс орындарынан өзге барлық мекемелер мен адамдарға қатысты болмақ. Яғни 48 сағат бойы ешкім үйінен шыға алмайды. Адамдардың көшеге еріксіз шықпауы үшін әкімдіктер жер-жерде нан, су, сүт сияқты аса қажетті азық түліктерді үйді-үйге жеткізіп беру жолдарын ұйымдастырады. Ал енді ескертуді елемей көшеге шыққан адамға 3 мың 150 лира, яғни 200 мың теңгеге жуық айыппұл салынады. Ал енді короновирустың таралуына келер болсақ. Түркияда алғашқы науқас тіркелген 11 наурыздан бастап бүгінге дейін яғни, бір айдан аса уақытта вирус өте жылдам тарады. Мәселен дәл қазір Түркия коронавирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. Яғни 74 мыңнан аса адам вирус жұқтырып, 1643 адам осы дерттен қайтыс болған. Дегенмен елдің денсаулық сақтау министрінің айтуынша қазір мамандар вирустың таралуы аймақтарын толық бақылауға алған, алдағы аптада жағдай біршама түзеледі деп отыр. Алайда жағдай күрт жақсарды деп айтуға әлі ерте. Сондықтан елдегі сақтық шаралары әлі де қатаңдатыла түспек.

Айдос ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу