Көкшетау қаласында ертеңнен бастап ауыз су қымбаттайды. Бірақ, тұрғындар ішуге жарамды суды онсыз да сатып алып ішеді, сондықтан қымбатшылық қалтаға ауыр дейді. Ал жергілікті билік ауыз судың тарифі өссе , оның сапасы жақсарады деп сендіріп отыр. Мәселенің мән-жайын әріптесім Ұмсындық Наурызбаева анықтады.
Сыздықтап аққан су бір күн болса екінші күні жоқ. Дәмі кермек татиды, тіпті жағымсыз иісі бар суды ішпек түгілі, тамаққа қосуға да келмейді. Бірақ, ай сайын ақшасын кешіктірмей төлейміз дейді тұрғындар.
Раухат Шиянов, қала тұрғыны:
Сатып аламыз. Кімде көлік бар, олар ана совхоздан алып келеді. Біреулері бармашкадағы скважинадан алып келеді. Дүкеннен сатып алады. Не кір жуа алмайсын, кейде таңертен шәй іше алмайсын. Осылай алып қоямыз. Тұрады. Ол сасып та кетеді кейде.
Бұған дейін шаһарда судың бір текшеметрі 83 теңге болды. Енді оның бағасы 14 теңгеге қымбаттайды. Онсыз да таза суды сырттан сатып алып отырған жұрт, ішуге жарамайтын кермек су үшін неге ақша шығындаймыз деп қынжылады.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Тұрғындардың басым бөлігі суды осындай сүзгі қондырғыларынан сатып алады. Бұл жерде оның бір литрі 15 теңге тұрады. Яғни, мынадай алты литрлік бөтелкені толтыру үшін 90 теңге қажет. Алайда, мұның бір күнге де жетпейтіні айдан анық. Халық күнделікті ас-су дайындау үшін бір келгенде дәл осындай 4-5 бөтелкені суға толтырады.
Қалаға тіршілік нәрі Сергеев қоймасынан келеді. Үйге дейін жеткізілетін судың сапасын жақсарту үшін құбырды жөндеу қажет. Ол үшін таифті көтеруден басқа амал жоқ өрінеді.
Жанна Әбдірахманова, қала әкімінің кеңесшісі:
Сергеев су қоймасындағы суды тұтыну бағасы осыдан бірер жыл бұрын өскен. Дегенмен біздің кәсіпорын тарифті көтермеді. Салдарынан шығынға батты. Енді баға өскен соң, су құбырларын жөндейміз.
Дегенмен тұрғындар құбырды қырық жамағаннан ештеңе өзгермейді ,-дейді. Себебі, осыдан жарты ғасыр бұрын салынған жалғыз су тазарту бекетінен еш пайда жоқ. Ондағы қондырғылар әлдеқашан тозған.
Ұмсындық Наурызбаева