Басты Жаңалықтар Әлихан Смайылов Премьер-Министр болып қайта тағайындалды

Әлихан Смайылов Премьер-Министр болып қайта тағайындалды

Әлихан Смайылов Премьер-Министр болып қайта тағайындалды. Күні кеше отставкаға кеткен үкімет басшысы сайлауда көп дауыс жинаған «Аmanat» партиясының ұсынысы бойынша қызметін жалғастыра береді. Десе де, оның кандидатурасына қарсы шыққан депутаттар бар. Бірақ басым бөлігінің қолдауымен қайта тағайындалған Смайыловқа бүгін Президент маңызды міндеттерді жүктеді.

Бұл жолы премьер-министрді тағайындау жаңа тәртіпте өтті. Яғни Үкімет басшысының кандидатурасын бұған дейінгідей президент емес, сайлауда көп дауыс жинап, жеңіске жеткен «Аманат» партиясы ұсынды. Мұны мемлекет басшысы алдымен мәжілістегі өзге фракция жетекшілерімен талқылап алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ерлан Жақанұлы Қошанов пария атынан Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын ұсынды. Мен ұсынысты қабылдадым. Енді бұл мәселені талқылауға көшеміз.

Шағын құрамдағы талқылаудан соң президент мәжілістің жалпы отырысына қатысып, Әлихан Смайыловтың кандидатурасын дауысқа салды. Өйткені Ата заң бойынша Үкімет басшысын тағайындау үшін депутаттардың келісімі керек. Бірақ Қазақстан халық партиясы дауыс беруден бас тартса, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Смайыловтың кандидатурасын қолдамайтынын ашық айтты.

Нұрлан Әуесбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Халқымыздың әл-ауқатының төмендеуіне Үкіметтің әлсіз әлеуметтік саясаты кінәлі екеніне көзіміз жетті. Ал енді бүгін тағы да «аманаттықтар» өз көпшілігін көрсетіп, ұсыныс беріп отыр. Әрине парламенттік оппазиция ретінде біз бұл ұсынысқа қарсымыз.

Қалыс қалып, қарсы болғандар болғанымен, басым бөлігі келісім берді. Сондықтан 50 жастағы Әлихан Смайылов бүгіннен бастап еліміздің 11-премьер-министрі ретінде жұмысын жалғастыра береді. Оған қымбатшылықпен күресіп, шарықтап кеткен инфляцияны тежеу тапсырылып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл оны кемінде екі есеге төмендету керек. Ең алдымен, азық-түлік тің бағасын реттеу аса маңызды. Сол себепті агроөнеркәсіп кешенін және сауда-саттықты дамыту – негізгі басымдықтың бірі. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен барынша қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керек.

Ал экономикалық өсім жылына кемі 4 пайыз болуы тиіс. Ол үшін әртараптандыру жүйесін жетілдіретіндей етіп, экономиканың даму үлгісін қайта жасау тапсырылды. Бұдан бөлек, инфрақұрылымды дамытып, жауыр болған жол, су секілді мәселелерді біржола шешу керек деді Тоқаев. Сондай-ақ аймақтар арасындағы теңсіздікті жойып, барлық ауыл, аудан, қалалардың дамуына бірдей көңіл бөлу қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр жаңадан Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылғанын білесіздер. Бұл қадам осы аймақтарды тың қарқынмен дамытуға жол ашты. Біз аймақтар арасындағы экономикалық теңсіздікті азайту үшін тиімді шаралар қабылдауымыз керек. Осы ретте Үкімет әкімдермен бірлесіп, әрбір облыстың әлеуетін арттыруға тиіс.

Сондай-ақ бюрократияны жойып, мемлекеттік аппараттың жұмысын жетілдіру, білім, денсаулық сақтау салаларын дамыта беру басты міндеттердің қатарында. Ескі де жаңа премьер оны іске асыру үшін аянбай еңбек ететінін және сенім білдіргені үшін президент пен депутаттарға алғыс айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы сіз айқындап берген әлеуметтік экономикалық сұрақтар бойынша әрі қарай даму бойынша халқымыздың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша міндеттер Үкімет жұмысының негізгі басымдықтары болады.

Досжан Маратұлы, тілші:

Осы басым міндеттерді іске асыру Әлихан Смайыловқа үлкен сын болғалы тұр. Өйткені президенттің, жаңа депуттардың бастысы қоғамның алдында сенімді ақтауға соңғы мүмкіндік беріліп отырғандай. Сондықтан бірден іске кіріскен Үкімет басшысы қазір министрлер кабинетін жасақтап жатыр. Айтпақшы, Президент бұдан былай министрлер мен әкімдер тың ұсыныстар мен идеяларды үнемі ұсынып отыруы керек деді. Әрі жұмысын бағалар кезде бұл басты назарда болмақ.

Досжан Маратұлы

Бөлісу